03 сәу, 2017 сағат 11:43

Қайтарылған жер – елге құт

Ресейге ұзақ жылдардан бері жалға беріліп келген Ембі сынақ полигоны жуырда еліміздің меншігіне қайтарылған болатын. Мамандардың айтуынша, Ембі полигонының Ресей меншігінен қайтарылуы жергілікті шаруаларға тиімді екен. Бірақ Ембі сынақ алаңын жалға беру тоқтатылғанымен,  Қазақстанда одан өзге де бірнеше ірі әскери-сынақ алаңдары бар. Олардың бәрі кеңестік жүйе бойынша Қазақстан мен Ресей қарулы Күштерінің мүддесіне жұмыс істейді.

Ел меншігіне өткен Ембі

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Ресейге жалға берілген әскери-сынақ полигондар аумағының бөлігі қайтарыла бастады. Осыған орай, өткен жылдың соңына қарай Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу еліміздегі Ембі полигонын жалға алу және пайдалану бойынша келісімді тоқтату туралы қазақстандық-ресейлік мемлекетаралық хаттамаға қол қойған болатын.  Аталған хаттамаға сәйкес, алпыс жылға жуық қару сыналған Ембі полигонын пайдалану және жалға беру шарттары туралы келісімнің күші жойылды. Сөйтіп, 300 мыңға жуық гектар жер жалға алу аймағынан шығарылады. Кеңес Одағы кезінде уақытша пайдалануға берілген жер телімдерін Ресей ары қарай пайдалану үшін жарамды жағдайда қайтаруға міндетті.

Ал жалға беру мерзімі тоқтатылған полигонның 250 мың гектарға жуық аумағы шабындыққа айналмақ. Алайда көпшіліктің көкейінде бір сұрақ бар. Қару-жарақтар сынақтан өткізілген бұл аумақта ауыл шаруашылығымен айналысу қаншалықты тиімді болмақ? Жылдар бойы әскери қару-жарақтар сынақтан өткен жердің құнарлылығы қаншалықты сақталды? Бұл аумақты шабындық ретінде пайдалану шаруаларды шығынға батырмай ма? Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаровтың айтуынша, полигонды жалдаудан шығару аймақтың экономикалық дамуына оң ықпал етеді. «Полигонды жалдаудан шығару аймақтың экономикалық дамуына қолайлы әсер етеді. Оның ішінде қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің, пайдалы қазбаларды барлау және табу саласында өз қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың мүддесі үшін ары қарай пайдалануға болады», – деп атап өтті вице-министр. Сондай-ақ, полигон аумағындағы учаскелер Ақтөбе облысындағы әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым жобаларының құрылысы үшін пайдаланылуы да ықтимал.

Жалпы, Ембі полигоны 1960 жылы құрлық әскерлерінің әуеге қарсы қорғанысы үшін құрылған. Сөйтіп, сынақ алаңы аталған бағыттағы зерттеу-сынақ жұмыстарын, түрлі жаттығуларды жүргізу үшін қолданылды. Бұл полигонда құрлық әскерлерінің «Тунгуска», «С-300», «Круг», «Куб», «Бук», «Тор» сынды әуеге қарсы қорғаныс қарулары сынақтан өткізілді. Ал мұндай сынақтар жүргізілген аумақтың қаншалықты зиянсыз болатындығы белгісіз. Қорғаныс министрлігі мұндай сынақтар кезінде зияны аз отындардың пайдаланылғандығын алға тартады. Десек те, Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Мұратбай Жолдасбаев көпшіліктің көкейіндегі сауалды тікесінен қойды. «Ембі сынақ полигонында қандай қару түрлері сынақтан өткені туралы деректер бар ма? Жалпы, қабылдап алар алдында қандай да бір экологиялық немесе топырақтық-химиялық талдау жасалды ма? Біз сол жерлерімізді қандай жай-күйде қайтарып алып отырғанымызды түсінгіміз келеді», – деді сенатор. Депутаттың бұл сауалына жауап берген Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров әкімдікпен бірлесіп, өткен жылы топырақ сынақтамасы алынғанын, жергілікті жердің зерттелгенін атап айтты. Оның айтуынша, зертханалық талдау нәтижелері зиянды заттардың нормадан артуын көрсетпеген.

Кейбір дерек көздеріне жүгінсек, Ресей Ембі полигонын пайдаланғаны үшін Қазақстанға жыл сайын 718 мың доллар, ал жалға алған төрт әскери полигоны үшін 20,7 миллион доллар төлеген.

Жалдау ақысы тым төмен

«Ембі сынақ полигоны жабылды» деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, Ресей қазақ даласында әлі үш полигонда әскери сынақтарын жүргізіп келеді. Көрші ел әскери мақсатта пайдаланып отырған қазақ жерінің жалпы аумағы 8 миллион 600 мың гектарды құрайды. Яғни, осынша аумақта көршілес ел әскери сынақ өткізеді. Еліміздің территориясындағы осынша аумақта күнде атыс, күнде жарылыс деген сөз. Ең сорақысы, осы жер үшін Мәскеудің гектарына төлейтін ақшасы  1000 теңгеге де жетпейді екен. Бұл сома күнде жарылыс болып жатқан аумаққа келген зиянды мүлдем ақтамайтыны анық. Шетелдік әскерилерге қарағанда отандық шаруалардың жағдайы қиын. Жай жайылымның құны бұдан 5 есе қымбат. Бұл мәселе талай рет сөз болғанымен, шешімі көңіл көншітерліктей болмағаны ақиқат. Өткен жылдың басында бұл тақырып депутаттар арасында да қызу талқыланған-ды. Сонда депутат Қуаныш Айтаханов: «Полигонның қызметі жалға берілген жерлерде қоршаған ортаға, халыққа ықтимал қауіп төндірілуде. Оны да есептеуіміз керек. Соның бәрін есептегенде жалға берілген әрбір гектардың құны өте төмен деп есептеймін. Біз халыққа жайылымды әр гектарына 2 мың теңгеден, ал полигонға сынақ жасау үшін 424 теңгеден береміз», – деп наразылық білдірген.

Қазақстан мен Ресей  Федерация­сының арасындағы келісімге сәйкес, Батыс Қазақстан облысының  Бөкейорда және Жаңақала  аудандарының 1,456 миллион гектар жері  Капустин Яр  полигонына  берілген. Ал  Капустин Яр полигонында түрлі әскери сынақтардың жасалып жатқаны  белгілі.  Деректерге сүйенсек, 1950 жылдан 2013 жылға дейін  Капустин Яр полигонында  11 ядролық  жарылыс жасалған.  Олар 300 метрден  бастап 5,5 км  дейін әртүрлі  биіктікте   жасалған көрінеді.  Бұл  ядролық  жарылыстардың  жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған  америкалық атом бомбасының 65 данасына тең. Яғни, 65 есе қауіпті, 65 есе көп радиация тарады деген сөз.  Оның үстіне  Капустин Ярда  сол жылдардан бері  25 мың  басқарылатын зымыран, 177  түрлі жаңа әскери техника сынақтан өткізілген.

Шетелдіктерге жалға  берілген әске­ри полигондар түйткілі шын мәнінде алаңдататын дүние. Өйткені  әскери полигондарда қандай қару сынақтан өтіп жатқаны жайында нақты ақпарат жоқ. Оның үстіне, еліміздің батысы тек Капустин Яр полигонының ғана зардабын тартып отырған жоқ. Батыстың  Азғыр  полигонында да  талай сынақ  өткізілген. Атыраудағы Тайсойған полигоны тағы бар. Сол себепті  тұрғындар арасында ауру-сырқау көбейіп кеткендігін алға тартатындар жетерлік.

Сынақтың зардабын халық тартады

Расында да, сынақ полигонының зардабы жергілікті тұрғындар үшін ауыр болары сөзсіз. Алайда бұл мәселеге келгенде біз тек Семей полигонының зардаптарын айтумен шектелеміз. Бүгінгі күні түрлі әскери қару-жарақтар сыналып жатқан аймақтардың қаншалықты зардап шегіп отырғанын жиі сөз қыла бермейміз. Егер полигонның зардабы сан ұрпақты жарымжан етпеген болса, бүкіл әлем мұндай сынақтардан бас тартпас еді. Деректерге сүйенер болсақ, Қазақстан Республикасының аумағында ядролық қарулар сыналған аймақтардың көлемі мынандай: Ақтөбе облысында – 4207,5, Атырау – 2635,3, Шығыс Қазақстан – 11,1, Жамбыл – 2576,1, Батыс Қазақстан – 1558,8, Орталық Қазақстан – 19,6, Маңғыстау – 21,4, Павлодар – 717,0, Оңтүстік Қазақстан – 8,1, Семей – 941,2 мың гектар аумақты қамтыған. Жалпы, 1950-1994 жылдар аралығында жер бетінде 2049 ядролық сынақ  жүргізілген екен. Атом қаруы сыналған елдермен салыстырсақ, АҚШ-та  1032, Қазақстанда 600-ден астам жарылыс жасалған. Осының өзінен  Қазақстан жерінің қаншалықты зардап шеккендігін көруге болады.

Жалпы, жерімізде жылдар бойы бомба жарылып, жер-суымыздың жарамсыз болып қалғаны баршаға белгілі. Сынақтан өткізілетін зымы­ран­дарға құйылатын жанармайдың зар­дабынан әлі де құтыла қойғанымыз жоқ дейді сарапшылар. Әскери мамандар зымыран отындары ауада түгел жанып кетеді деп алдарқатқанымен, мұның жай сөз екендігін растайтындардың қатары көп. Яғни, қалған отын зымыранмен бірге жерге төгіледі. Ал мұның экологияға қаншалықты кесірін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Тіпті, арнайы жүргізілген зерттеулер қоры­тындысы бойынша, зымыран апатқа ұшыраған аймақтардағы гептилдің мөлшері 158 есе өсіп кеткендігі белгілі болған. 2013 жылы Қызылорда облысында «Протон» құлағанда, апат салдарынан 600 тонна улы гептил жерге төгілгені баршаға аян. Кейін отандық мамандар сол апаттан қоршаған ортаға 14 миллиард теңгеге зиян келгенін анықтады.

Полигон зардабы туралы әлі де талай ашылмаған құпияның бары рас. Ресми деректерге жүгінсек,  1949-1989 жылдар аралығында Семей жерінде 456 сынақ жасалған. Оның кейбірінің қуаттылығы Хиросимаға тасталған бомбадан 2500 есе күшті болғаны белгілі. Ал 1996-2012 жылдар аралығында Семейде Қазақстан, Ресей және АҚШ елдерінің құпия операциясы жүргізіліп, сынақтан қалған 200 келі плутоний жиналып, көмілген. Атырау облысында орналасқан «Азғыр» полигонында 1979-1996 жылдары жер астында 17 ядролық қару сынақтан өткен. Оның қуаттылығы Жапонияға құлаған қарудан 45 мың есе күшті. Атыраудағы «Тайсойған» полигонында 1962 жылдан бастап, 40 жыл ішінде әрқайсысы 5,3 тоннаны құрайтын 300-ге жуық СС-20 тасығыш-зымыраны жойылған.

Ал полигон аймақтарындағы халықтың денсаулығының нашарлығын тіпті БҰҰ-ның даму бағдарламасының көмегімен жасалған ғылыми зерттеулер де дәлелдеп берді. Жалпы, полигондар маңында тұратын тұрғындарда қатерлі ісік аурулары еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда 10-12 есе, суицид 6-7 есеге көп. Қазіргі уақытта полигонның зардабын тартқан жандарға қатысты ресми дерек тек Семей полигонымен ғана байланыстырылады. Мамандардың айтуынша, Семей жеріндегі зардаптың салдарынан атадан балаға тарап, бүгінгі күнге дейін жапа шеккендер саны 1,5 миллионға жеткен. Радиацияның кесірі 180 жылға дейін жалғасатын көрінеді. Семей полигонына шаруашылық жайылымдар мен егістік жерлер тартып алынып беріліп, соның салдарынан аймақ экономикалық және әлеуметтік дағдарысқа ұшырады. Бастапқысында адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Халық өте ауыр және созылмалы сәулеленуге ұшырап, сынақ зардаптары Хиросима мен Нагасакидегі атомдық бомбалаудан 2,5 есе асып түсті. Одан әрі сынақты жер астына жасай бастады. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті.

Негізі соңғы он жылда Қазақстанның Семей полигонынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу үшін және сол аймақтардың экологиялық жағдайын аз да болса қалыпқа келтіру мақсатымен өз қалтасынан 100 миллион теңгеден астам шығын шығарғаны мәлім. Халықаралық ұйымдардан да 20 миллион доллар бөлінсе керек. Алайда сарапшылардың есебінше бұл тым аз, әлі де 1 миллиард доллар қажет.

Одан бөлек, елімізде өткен ға­сырдың 60-70 жылдары 1,5 мил­ли­онға жуық киік болған еді, олардың саны қазір тіптен азайып кетті. Кейбір мамандар мұны да әлгі сынақ алаңдарындағы экологияның нашарлауынан көріп отыр. 2015 жылы елімізде 130 мыңға жуық киік белгісіз себептен қырылып қалғаны көпшіліктің есінде болар. Сол кезде де қазақ даласын мекен еткен сұлу жануардың өліміне улы гептил себеп болды деген болжамдар басым болған. Бірақ өкілетті органдар бұл болжамды жоққа шығарып, ақбөкендер пастереллез ауруынан жаппай қырылды деген қорытындыға тоқтаған-ды.

Шынында да, ел аумағында орналасқан полигондарда әскери сынақ жүргізудің айтарлықтай зиян келтіретіні, сынақ алаңдарындағы жағдайлардың экологиялық ахуалды нашарлататыны сөзсіз. Тіпті, полигондар жабылғаннан кейін де оның зардабы бірден жойыла қоймайды. Осыны ескерер болсақ, ел меншігіне қайтқан Ембі аумағын бірден пайдалануға беру қауіпті болуы да мүмкін.

Әсел Әнуарбек, "Түркістан"