Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия ел мектептерінде карантин талаптарының сақталуына жүргізіліп жатқан мониторинг нәтижелерін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"
«Оқу жылының III тоқсанында 11 қаңтар мен 1 сәуір аралығында 5 213 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 575 мектепте карантин талаптарын бұзушылық анықталды. Бұл, еліміз бойынша 11,0% құрайды», - делінген ақпаратта.
Карантин режимінің талабын бұзатын мектептерде келесі фактілер анықталды:
- көп жағдайда таңертеңгілік тексеру– оқушыларды іріктеу жүргізілмеген;
- оқу орындарының қызметкерлері маска режимін сақтамаған;
- бірқатар мектепте арақашықтық белгілері қойылмаған;
- бөлмелерге ылғалды тазалау және залалсыздандыру жүргізу кестесі бұзылған;
- сыныптарда парталар арасындағы қашықтық сақталмаған;
- бактерицидтік шамдар, санитайзерлер мен залалсыздандыру құралдары жеткіліксіз;
- пайдаланылған маскаларға арналған қоқыс урналары жеткіліксіз.
Осы жылдың 16-22 сәуірі аралығында мониторингілік топтар мектептерге 439 тексеру жүргізген. Карантин талаптарын бұзушылық 80 мектепте анықталды, яғни 18,2% карантин режимі тәртібін бұза отырып жұмыс жасаған.
Мектептегі карантин талабын жиі бұзған өңірлер:
- Қарағанды облысы – 26 бұзушылық;
- Түркістан облысы – 15;
- Қызылорда облысы – 12;
- Шымкент қаласы– 9;
- ШҚО – 8.
«Анықталған барлық карантиндік, санитариялық-гигиеналық талаптарды бұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес 99 тұлғаға жалпы көлемі 17 784 764 теңге әкімшілік айыппұл салынды», - делінген ведомствоаралық комиссия ақпаратында.
