26 шіл, 2019 сағат 13:22

ҰҚК тұрғындардың жеке хаттары қандай жағдайда оқылатынын түсіндірді

Қазақстандықтардың жеке хаттарын оқу тек қауіпті контентке ғана қолданылады. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты мемлекеттік техникалық қызмет директорының орынбасары Зекен Исмайылов қауіпсіздік сертификатына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Барлық ақпаратты сақтауға мүмкіндік жоқ

Әлеуметтік желіде қазақстандықтар қауіпсіздік сертификатын енгізуді белсенді талқылап жатыр. Сертификат орнатылса, телефондағы жеке мәлімет мемлекеттік органдар үшін қолжетімді болады деген болжам жасалуда. 

Мемлекеттік техникалық қызмет басшысының орынбасары Зекен Исмайыловтың айтуынша, қазіргі кезде қауіпсіздік сертификаты сынақтан өтіп жатыр. Сол себепті бірқатар техникалық ақау болуы мүмкін.

"Баспасөзді оқығанда Facebook, Twitter желілерінде проблемалар барын жиі байқаймыз. Қазақстанда жиі болмаса да, бәрібір болады. Байланыс операторларымен тұрақты жұмыс істейміз. Туындаған мәселенің барлығымен жұмыс істейміз. Сондықтан олардың жауапкершілігіне қатысты мәселе болса, байланыс операторының call-орталығына жүгінуіңізді сұраймыз. Өздері шешеді. Егер қауіпсіздік сертификатына қатысты болса және сертификатты орнатпағандарға қолжетімділік бұғатталса, онда бұл мәселені біз отырып шешетін боламыз. Кез келген техникалық шешімде қандай да бір қателік болады. Қазір апробациялау процесі жүріп жатыр.

Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарында қауіпсіздік сертификатының траффик шифрын оқи алатыны жайында айтылып жатыр. Бірақ бұл жұмыс онлайн режимде жасалады. Ондай шаралар тек заңға қайшы контентке ғана қолданылады. Сіздің кімге хат жазғаныңызды, қай әлеуметтік желіге кіргеніңізді ешкім сақтап отырмайды", - деді Исмайылов журналистерге берген сұқбатында.

Оның айтуынша, бұған дейін HTTPS бойынша жұмыс істейтін ресурстарды бұғаттауға техникалық мүмкіндік болған жоқ. Қазіргі кезде оны жасауға болады. Бірақ деструктивті контент қана бұғатталады.

VPN-ды бұғаттауға болады

Қауіпсіздік сертификатының көмегімен VPN-ды бұғаттау үшін соттың шешімі немесе құзіретті мемлекеттік органдардың нұсқауы қажет.

"Негізі, техникалық тұрғыда олай істеуге болады. Қауіпсіздік сертификаты қауіпті контентті ғана бұғаттайды. Ал соттың шешімі немесе құзіретті мемлекеттік органдардың нұсқауы болса, VPN да бұғатталады. Ондай шешім болмаса, бұғатталмайды", - деді Исмайылов журналистерге берген сұқбатында.

Спикер қауіпсіздік сертификатының сенім мәртебесін алмағанын да түсіндірді. Оның айтуынша, алдағы уақытта осы мәртебені алу жоспарланып отыр.

"Сенім мәртебесін алу – бұл арнайы процедура. Одан өту үшін уақыт қажет", - деді ол. 

Журналистер қауіпсіздік сертификатын орнатқан адамдардың статистикасы қалай жүргізілетінін де сұрады. Исмайыловтың сөзіне қарағанда, ондай есеп жүргізілмейді. Себебі мұны жасау үшін әрбір адамның ұялы телефонына кіру керек.

"Қалайша мен сіздің телефоныңызға кіріп, қауіпсіздік сертификатын орнатқаныңызды тексере аламын? Ондай статистиканың қажеті қанша? Негізі, есепті жүргізу үшін әрбір телефонға кіру керек. Ал оған кіруге рұқсат жоқ. Сондықтан адамдар қауіпсіздік сертификатын орнатты ма, жоқ па, ондай ақпарат бізде жоқ", - дейді Исмайылов.