15 ақп, 2021 сағат 08:47

Каталониядағы сайлауда социалистер алда келеді

Жексенбі, 14 ақпан күні Испанияның Каталония аймағында жергілікті сайлау өтті. Экзитпол нәтижесіне қарағанда бұрынғы денсаулық министрі Сальвадор Илья басқаратын Социалистік партия басқа партиялардан айырмашылықпен алда келеді.

Euronews телеарнасының хабарлауынша, бұл социалистердің жеңіске жететініне кепілдік бермейді. Испания құрамынан бөлінуді қолдайтын күштердің коалицияға бірігу мүмкіндігі әлі де бар.

Дауыс беру аяқталғанда жарияланған экзитпол нәтижесіне қарағанда, социалистер 24,5 пайыз дауыс алған.

Дегенмен сепаратизмді қолдайтын "Бәріміз бірге Каталония үшін" партиясы (лидері Карлес Пучдемон Бельгияда тұрады) мен Испаниядан бөліну мәселесінде ұстанымы жұмсақтау "Каталонияның солшыл республикашылдары" партиясы бірігіп, коалиция құруына мүмкіндік әлі де бар.

Қазіргі сайлау Каталониядағы сепаратистік партияларға сынақ ретінде қаралып отыр. Алайда пандемия кезіндегі шектеулерге байланысты дауыс беру деңгейі төмен болып шықты.

Социалист Педро Санчес жетекшілік ететін Испания үкіметі осы сайлау сепаратистер күшін әлсіретеді деп үміттенеді. 2017 жылдың қазан айында Каталония референдум өткізіп, дауыс берушілердің көбі Испаниядан бөлініп шығуды қолдаған. Бірақ Испания үкіметі референдумды заңсыз деп танып, оның нәтижесін мойындамай қойды.