Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Ван провинциясындағы қар көшкіні салдарынан көптеген адамның қаза болғаны және зардап шеккені туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алды.
«Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша қазақстандықтар мен жеке өз атымнан Сізге, сондай-ақ бауырлас түрік халқына қайғыра көңіл айтамын. Алла тағаладан табиғи апат кезінде қаза тапқандардың жандары жәннатта болуын, жараланғандардың тез арада сауығып кетуін тілеймін», – делінген жеделхатта.
Еске салайық, 4 ақпан күні Түркия шығысындағы Ван провинциясында қар көшкіні болды. Жолда қар тазалайтын көлік жұмыс істеген, оның артынан жолаушылар мінген автобус келе жатқан. Кенеттен таудан көшкін жүріп, қар тазалайтын техниканы көміп қалған және шағын автобусты 40 метрлік жардан құлатып жіберген.
Соңғы мәліметтер бойынша, оқиға салдарынан 33 адам қаза болды. Олардың арасында адамдарды құтқармақ болған қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері бар. 50-ден астам адам зардап шекті.
БАҚ-тар ақпаратына сәйкес, бір тәулікте екі қар көшкіні түскен.