Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Президентке бүкіләлемдік пандемияға қарамастан ұлы Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын орданың (Ұлық Ұлыс) 750 жылдығы және ТМД елдерінің биылғы мәдени астанасы Шымкент қаласының 2200 жылдығына арналған іс-шаралардың мазмұнды түрде жүзеге асуы туралы ақпарат берілді.
Кездесуде Мемлекет басшысы келесі жылы өтетін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына дайындық мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссияға кезінде қазақ халқының басынан өткен ашаршылық қасіреті туралы іс-шаралар қабылдауды міндеттеді.
Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру және мемлекеттік тілдің функционалдық мәртебесін көтеру жөніндегі ұсыныс-пікірлерді баяндады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлтты жаңғырту бағдарламасы ретінде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Президент Мемлекеттік хатшыға 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған әлеуметтік мәселелерді шешуде орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіруді бақылауда ұстауды тапсырды.