16 шіл, 2025 сағат 18:08

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық олимпиада жеңімпаздарын құттықтады

Фото: ҚР ОАМ

Мемлекет басшысы Барселона қаласында өткен халықаралық STEM олимпиадасында, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінде ұйымдастырылған химия пәнінен халықаралық олимпиадада жеңіске жеткен қазақстандық оқушыларға құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұны еліміздің абырой-беделін арттыра түсетін тарихи жетістік ретінде бағалады.

"Бұл – Қазақстанда білім беру саласы қарқынды дамып келе жатқанының айқын дәлелі. Мемлекет жастардың сапалы білім, тағылымды тәрбие алуына әрдайым баса мән береді. Еліміз сіздерді мақтан тұтады. Жарқын жеңістеріңіз көп болсын!" – деп жазды Президент.


Айта кетейік, халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO-2025) еліміздің атынан қатысқан төрт оқушының бәрі жүлдеге ие болды, оның екеуі – алтын медаль.

Олимпиада 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Әлемнің 93 елінен 360-тан астам оқушы қатысқан бұл зияткерлік додада Қазақстан ұлттық құрамасындағы төрт оқушы тамаша нәтиже көрсетіп, еліміздің жас химиктерінің көшбасшылық мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.

  • Кирилл Ким — Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Абылай Кабдулхадыр — Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Еңлік Бақытбекова — Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Аңсар Жақсылықов — Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы.

Ұлттық құрамаға ғылыми жетекшілік еткен:

  • Санжар Бегдаир – Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST) магистранты, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы;
  • Ринат Илюсизов – бірнеше мәрте халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпазы.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев біздің оқушыларымыздың жетістігі - қазақстандық білімдің әлемдегі биік мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті. 

Бұл Олимпиада әлемдегі ең беделді жеті халықаралық олимпиадалардың қатарына енеді.  Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы негізінде алтын медаль үшін – 1 500 АЕК, күміс медаль үшін – 1 000 АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы қарастырылған. Жетекші ұстаздарға да ынталандыру төлемдері көзделген. Еске салсақ, былтыр IChO-2024 олимпиадасында қазақстандық оқушылар 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған болатын.