Қазақстандық барлық интернет-ресурстардың қолжетімділігі тегін болу тиіс. Бұл туралы Ақордада Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Карантин енгізілуіне байланысты біз халықты үйлерінде болуға шақырдық. Қашықтан жұмыс істеу адамдарды мобильді технологияларды барынша белсенді пайдалануына түрткі болады. Осыған баланысты төтенше жағдай режимі қолданыстағы кезеңде мобильді байланысты пен интернет қолжетімділігін әсіресе, білім беру ресурстарына, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге кеңейтуді тапсырамын», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимі кезінде қарыз пайда болған кездің өзінде байланыс қызметтерін ұсыну жалғаса беруі керектігін баса айтты.
«Қазақстандық барлық интернет-ресурстардың қолжетімділігі тегін болу тиіс. Бұған дейін мен карантин кезеңінде халыққа коммуналдық қызметтер төлемін төмендету бойынша тапсырма берген едім. Алматы жедел әрекет етіп, тиісінше шешім қабылдады. Енді Мемлекеттік комиссия жалпыреспубликалық жүйелі шаралар әзірлеуі қажет. Толықтай алғанда, Қазақстан халқы бізден осынау шараларды күтіп отыр. Бүгін азаматтарға менің тапсырмаларымды таныстыруға және оларды жүзеге асыруға шұғыл кірісуге тапырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.