02 мам, 2020 сағат 11:31

Қасым-Жомарт Тоқаев Дариға Назарбаеваға алғыс айтты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сенаттың экс-депутаты және спикері Дариға Назарбаеваға алғыс айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Дариға Назарбаеваға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы ретінде атқарған белсенді және жемісті жұмысы үшін ризашылығымды білдіремін», - деп жазды Мемлекет басшысы Twitter парақшасында. 

Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысының жарлығымен Дариға Назарбаеваның Сенат депутаты ретіндегі өкілеттігі тоқтаған болатын.

Дариға Назарбаева 2016 жылдың 13 қыркүйегінен бастап Парламент Сенатының депутаты болды. Өткен жылдың 20 наурызында депутаттар оны Жоғары палатының спикері етіп сайлаған еді. 

Бұған дейін, 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарды.  

2012-2015 жылдары мәжіліс депутаты, парламенттің төменгі палатасының вице-спикері болды. 

Дариға Назарбаева – Қазақстанның бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы. Ол 1963 жылдың 7 мамырында Қарағанды облысы Теміртау қаласында туған. Тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымдарының докторы. Қазақ, орыс, ағылшын, итальян, неміс тілдерін біледі.