26 шіл, 2019 сағат 10:36

Қасым-Жомарт Тоқаев Борис Джонсонды құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Борис Джонсонды Ұлыбританияның Премьер-Министрі лауазымына сайлануымен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Борис Джонсонды Ұлыбритания Біріккен Корольдігінің және Солтүстік Ирландияның Премьер-Министрі лауазымына сайлануымен құттықтады.

«Басқарушы Тори партиясының көшбасшысын сайлаудағы Сіздің айқын жеңісіңіз Ұлыбританияның игілігі жолында қол жеткізген таңқаларлық табыстарыңыздың және адал қызметіңіздің мойындалуын көрсетеді», – делінген жеделхатта.  

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ұлыбританияның стратегиялық серіктестікті берік достық, өзара сенім мен түсіністік негізде дамытып отырғанын атап өтті. Қазақстан Президенті екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және жаңа инвестициялық мүмкіндіктердің ашылуына сенім білдірді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Борис Джонсонға жаңа қызметте табыс, сондай-ақ, британ халқына бақ-береке тіледі.