Алматы облысында Ақан Сатаевтың ауқымды әрі көптен күткен жобасы - «Ұлы дала таңы» фильмінің түсірілімі аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Қазақфильм» киностудиясына сілтеме жасап.
«Достар, біз «Ұлы дала таңы» түсірілімін аяқтадық. Біздің команданың әр қатысушысына осы тамаша кезең үшін, баға жетпес тәжірибе үшін, еңбектеріңіз бен кәсіпқойлықтарыңыз үшін алғыс айтқым келеді», - деп жазды фильм режиссері Ақан Сатаев желідегі парақшасында.
Қазақ мемлекетінің қалыптасуы туралы тарихи-патриоттық фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілді. Туындыдағы басты рөлдерді Берік Айтжанов, Данияр Оразаев, Ерік Жолжақсынов және Айдос Әбдіқадіров сомдайды.
Фильм 16 ғасырдағы Қазақ хандығының билеушісі - Қасым ханның жетістіктері туралы баяндайды.
Еске сала кетейік, маусым айында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бастаған делегация Алматы облысы Қапшағай қаласының маңында орналасқан тарихи фильмінің түсірілім алаңында болды.
Кейін «Қазақфильм» киностудиясы Instagram парақшасында XVI ғасырдағы Қасым хан әскері мен Шайбани жауынгерлерінің айқасы туралы көріністі жариялаған еді.