Фото: e-polonskiy.livejournal.com
30 сәуірде Қазақстан мен Ресей елдерінің шекара қызметтері Қазақстанның өзге де уәкілетті органдарымен бірге браконьерлік әрекеттердің жолын кесуге бағытталған жедел профилактикалық іс-шаралардың кезекті кезеңін өткізді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҰҚК мәліметінше, рейдтік іс-шаралар барысында Каспийдің Қазақстанмен шекаралас суларында 58 құқықбұзушы және 23 жүзу құралдары ұсталған. Ұзындығы 100 шақырымнан асатын браконьерлік тор және өзге аулау құралдары тәркіленген.
"Табиғи мекендеу ортасына 288 бекіре тұқымдас балық, 13 мың ұсақ тұқымды балық және 7 итбалық жіберілді. 1 647 375 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Мемлекетке 588 миллион теңгеден аса келтірілетін залалдың алды алынды", - делінген хабарламада.