24 мам, 2021 сағат 16:36

Кәсіпкерлерге кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тартқаны үшін жазаға тартылатыны ескертілді


Алматы қаласының білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Омарова онлайн брифинг барысында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғау шаралары туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің өкілі жыл сайын оқушылардың жазғы демалысы басталысымен еліміз бойынша 1-12 маусым аралығында «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқан өтетінін атап өтті.

Шаралар аясында білім беру органдарының өкілдері, полиция қызметкерлері кәсіпкерлерге кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тартқаны үшін жазаға тартылатынын еске салады.

«18 жастан кіші кәмелетке толмағандар түнде жұмыс істей алмайды, оларға ауыр жұмысты тапсыруға болмайды. 16 жасқа дейін еңбек шартына ата-аналардың бірі қол қоюы керек. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес 14-16 жастағы балалар аптасына 24 сағаттан, ал 16-18 жастағы жасөспірімдер 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі тиіс», - деді Гүлдана Омарова.

Сонымен қатар, ол балалардың заңсыз жұмысқа тартылғанын көрген адам мына қауырт желі 225-18-80 нөміріне қоңырау шалу керектігін ескертті.

«Егер сіз балалардың денсаулығына, қауіпсіздігіне зиян келтіруі мүмкін жұмысқа тартылғанын білсеңіз, оған немқұрайлы қарамай, тиісті құзырлы органдарға бірден хабарлағаныңыз жөн. Өйткені, бала денсаулығы оның құқығын қорғау - бәріміздің ортақ ісіміз», - деді спикер.

Гүлдана Омарова 2019 жылы Telegram мессенджерінде «Bala Qorgay» каналы құрылғанын атап өтті. 

Ол кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық немесе қатыгездік фактілерін тіркеуге арналған. Каналды ашу бастамасы ҚР Білім және ғылым министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитетіне тиесілі. 

«Өткен аптада «Bala Qorgay» чатына 63 сұрақ түсті. Шұғыл әрекет ету шаралары қабылданды. Мысалы, ата-аналарға кеңес беріліп, түсіндірілді, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаға көмек көрсетілді», - деді ол.

Бұл ретте келіп түскен мәселелердің негізгі бөлігі құқықтық ақпараттандыруға қатысты. Кері байланыс тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді.