Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры («ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы) «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге жеңілдетілген шағын несие беруге 36 млрд теңге бөледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша түрлі мақсаттағы несиенің жылдық сыйақы мөлшері 6 пайызды құрайды. Сондай-ақ, тиімді жылдық сыйақы мөлшері 6,7 пайыздан аспайды.
Несиенің сомасы, жеңілдік мерзімі несие өніміне байланысты әртүрлі болады. Қордың несиелеу шартында аграрийлер қызметінің ерекшелігі, оның ішінде ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығы мен циклділігі ескерілген.
Бағдарламаға ауыл шаруашылығымен және ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіп түрлерімен айналысқысы келетіндер, кәсібін кеңейтуді жоспарлаған азаматтар қатыса алады. Несие алушыларға қойылатын бірқатар талаптар бар. Атап айтқанда, кәсібін енді бастайтын азаматтың кәсіпкерлік негіздерін оқығаны туралы сертификаты болуы тиіс.
«Туындаған сұрақтар бойынша облыстардағы филиал менеджерлеріне хабарласуға болады. Қосымша Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарынан да кеңес ала аласыздар», - делінген аталған қордың мәліметінде.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ - «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің құрамына кіретін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйым. Қордың негізгі міндеті – агроөнеркәсіп кешені саласындағы басымдыққа ие салалар бойынша ауыл кәсіпкерлігін қаржыландыру.
Қор 2013 жылдан бері шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламаның қаржы операторы ретінде жұмыс істеп келеді. Компания 2017 жылдан бері 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын іске асыруда.