19 мам, 2021 сағат 11:18

Қашықтан жұмыс істейтін қазақстандықтардың 70 пайызы - әйел


COVID-19 пандемиясынан туындаған өткен жылғы құлдыраудан кейін еңбек нарығындағы жағдайды қалпына келтірумен қатар, еңбек қызметінің баламалы нысандарын дамыту арқылы жұмыспен қамтудың сипаты да өзгеруде. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінгі таңда әлемдегі әрбір 5-ші адам қашықтан жұмыс істеуге көшті немесе үйінде жұмыс істей бастады. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (ЕРДО) сарапшыларының деректеріне сәйкес, Қазақстанда 2021 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша 73,7 мың адам қашықтан жұмыс істеді, олардың 70,2 пайызы негізінен қалада тұратын әйел адамдар», - делінген министрлік мәліметінде. 

2020 жылдың басым бөлігінде COVID-19 салдарынан жұмыстың икемді түрлеріне көшу процесін жеделдету бүгінде Қазақстанда қашықтан жұмыспен қамтудың кең таралуында көрініс табуда. Қашықтан жұмыс істеген немесе жұмыс істей бастаған азаматтардың еңбек қызметін енгізу - өз кезегінде қоғамның жұмыспен қамтудың баламалы нысандарын қабылдау процесін жеделдетуге мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде Қазақстанда еркін табыс деп аталатын экономиканың дамуы, еңбек қызметіне әйелдер мен ауыл тұрғындарын белсенді тарту болды.

ЕРДО Стратегия және жобалық басқару департаментінің директоры Александра Молчановскаяның айтуынша, ел бойынша қашықтан жұмыс істейтін әрбір 3-ші адам ауыл тұрғыны болып отыр. Жұмыс берушілер қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің тек 14 пайызына ғана коммуникация құралдарын берген.