04 мам, 2020 сағат 12:31

Қашықтан оқудан үнемделген қаражат қайда жұмсалды - Білім басқармасы

Елордалық Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова карантиндік режимде қанша қаражат үнемделгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қашықтан оқытылған үшінші-төртінші тоқсанда бізде 1,5 млрд теңге үнемделді. Оның 549 млн теңгесіне көп балалы және аз қамтылған отбасы балалары үшін 2 613 ноутбук пен шексіз интернеті бар 5 200 роутер сатып алдық. Осылайша, қашықтан оқыту мәселесін шештік. Қалған 600 млн теңгені білім беру ұйымдарын бейнебақылаумен жабдықтауға жұмсауды жоспарлап отырмыз», - деді басқарма басшысы «ANTIKOR» орталығында өткен онлайн конференцияда. 

Оның айтуынша, соңғы үш жылда білім беру ұйымдарының басшылары арасында 7 жемқорлық фактісі анықталған. 

«Оның әрқайсысы бойынша алдын алу және жауапқа тарту шаралары жүргізіліп жатыр. Қылмыстың алдын алу бойынша дәстүрлі әдістермен қатар, бірнеше жаңа жобалар да жасалды. Білім беру басқармасы мен астаналық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент арасында ынтымақтастық туралы меморандум бекітілген. Меморандум бойынша, ұос ұйым мектепке дейінгі, орта және техникалық білім берудегі сыбайлас жемқорлық фактілерін бірге анықтайды», - деді Ш. Қадырова.