Қаржы пирамидасының екі құрылтайшысы Ресей мен Қырғызстан аумағында іздестірілуде. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Негізгі құрылтайшылар, яғни 12 күдікті халықаралық іздеуге жарияланды. Өкінішке қарай, олардың біразы азаматтардың шығымы түскенге дейін Қазақстан аумағынан тыс жерде жасырынып үлгерген. Оларды анықтау мен ұстау бойынша жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Қазіргі кезде 15 күдікті ұсталды. Күн сайын қылмыстық жауапкершілікке тартылатын күдіктілер саны артуда», - деді С. Әділов Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Оның сөзіне қарағанда, ел тұрғындарынан алынған қаржының негізгі бөлігі қолма-қол ақша күйінде жиналған.
«Қазір Қаржылық мониторинг комитетімен, Бас прокуратурамен бірлесе жымқырылған қаржыны іздестіру шараларын атқарудамыз. Бүгінде іздестіру шаралары барысында 40 млн теңге тәркіленді. Тергеу органдарымен 21 пәтерге, 3 үйге, 30-дан астам автокөлікке тыйым салынды», - деді Тергеу департаментінің басшысы.
Сонымен қатар ол Қазақстан бойынша 13 өңірде қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық әркеттер тіркелгенін нақтылады.
«Келтірілген жалпы шығынның сомасы 5 млрд теңгеден астам. Тергеу барысында жымқырылған ашқа іздестіріліп, қайтарылады. Күдікті 12 адамның екеуі шетелге қашып кеткен. Арнайы тергеу тобы Ресей мен Қырғызстанға жіберілді. Тінту барысында 42 мыңнан астам келісімшарт алынды. Сондықтан арыз берушілердің саны күн сайын артады деп ойлаймыз», - деді Санжар Әділов.
Еске сала кетсек, ҚР Ішкі істер министрлігі қаржы пирамидалары мен ломбардтарға алданған қазақстандықтардан арыз-шағымдар әлі де түсіп жатқанын мәлім еткен болатын.
Салымшылардың санын көбейту үшін компаниялар Қазақстан эстрадасының және спорт саласының жұлдыздарын тартып, ауқымды жарнама жүргізген.
«Бүгінге дейін 2 мыңға тарта шағым түсті. Компаниялардың аймақтардағы барлық кеңсесіне тінту жүргізіліп, бірлескен жұмыс туралы келісімдер, бухгалтерлік құжаттар, ноутбук, кеңсе техникасы, зергерлік бұйымдар мен өзге де заттар тәркіленді. Тәркіленген құжаттарға сәйкес компаниялар 42 мың адаммен келісімге келген. Қазіргі есеп бойынша шығын мөлшері 5 миллиард 411 миллион теңге болып отыр», - делінген ІІМ хабарламасында.