17 мау, 2020 сағат 15:26

Қаржы пирамидасы: Қазақстаннан қашып кеткен тағы бір күдікті ұсталды

Полицейлер қаржы пирамидасы ісіне қатысы бар Қазақстаннан қашып кеткен тағы бір адамды ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

16 маусымда Қазақстан полициясының сұратуы бойынша Мәскеуде 29 жастағы С.Фролов ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Күдікті Фроловқа «Гарант-24», «Выгодный займ» және «Estate Lombard» қаржы пирамидасы ісі бойынша салымшылардың ақшалай қаражатын жымқырғаны үшін халықаралық іздеу жарияланды. 

«Бұдан бұрын Нұр-Сұлтан қалалық соты оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай тағайындады. Қазақстан мен Ресей полицейлерінің өзара әрекеттесуінің арқасында С. Фролов елімізге экстрадицияланып, сот алдында жауап береді», - деп хабарлады ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов. 

Қылмыстық істі Ақтөбе қаласында ІІМ арнайы тергеу-жедел тобы тергеп жатыр. 

«Қазіргі уақытта осы іс бойынша 15 мың зардап шегуші анықталды, залал сомасы 20 млрд теңгеден асты», - деді Әділов.

Еске салайық, 22 ақпанда Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Тараз, Ақтау қалаларында ломбард директорларының ұсталғаны туралы хабарланды.

Павлодарда да «Estate Ломбард» ЖШС және «Гарант 24» ЖШС өңірлік ломбардтардың директорлары қамауға алынды. 

«Гарант-24» қаржы пирамидалар ісі бойынша 12 адамға халықаралық іздеу жарияланды. Істің басты фигуранты А.Мырзабеков Молдовадан экстрадицияланды. Ол «Гарант 24 Ломбард» ЖШС-ның құрылтайшысы және «ЕSTATE Ломбард», «Выгодный займ» ұйымдарының да қылмыстық әрекеттеріне басшылық жасаған.