10 ақп, 2020 сағат 09:20

Қаржы министрі: Былтыр 245 млрд теңге қаржы талаптары бұзылған

Өткен жылы Ішкі мемлекеттік аудит комитеті 245 млрд теңгеге қаржы талаптардың бұзылуын анықтады. Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Былтыр Ішкі мемлекеттік аудит комитеті 245 млрд теңге сомасында қаржылық бұзушылық жағдайын анықтап, бұл көрсеткіш қаржылық бұзушылықтар жалпы сомасының 39 пайызын құрады», - деді Смайылов Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Оның сөзіне қарағанда, жүргізілген талдау нәтижесі бойынша қаржылық бұзушылықтардың негізгі көлемі бухгалтерлік есептілікті жүргізу тәртібіне, жоспарлау мен басқа да шығыстарды пайдалану кезінде бюджеттік қаржыны асыра көрсетуге, квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерін басқаруға байланысты болып отыр.

«Аталған мәселелердің жүйелі шешімін мемлекеттік сатып алуларда жүргізілген жұмысқа ұқсас барлық негізгі процестерді автоматтандыру арқылы іске асырудан көріп отырмыз», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Сонымен қатар, ол бүгінде тексерулерге қатысты қадамдар өзгергенін атап өтті.

«2015 жылдан бастап мемлекеттік аудиторлар анықтаған қаржылық бұзушылықтар көлемі 4 есеге төмендеді, яғни 1,9 трлн теңгеден 478 млрд теңгеге дейін», - деді Әлихан Смайылов.