Алматы облысында бір жастағы бала кәріз шұңқырына құлап кетіп, мерт болды. Қайғылы жағдай Кеген ауылында болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті болған оқиғаға байланысты пікір білдірді. Бала ойнап жүріп, абайсызда кәріз шұңқырына құлап кеткен.
«Оқиға 21 мамыр күні болған. 2020 жылғы бала жеке үйдің ауласындағы моншаның кәріз шұңқырына түсіп, мерт болды. Ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз»,- деп мәлімдеді аталған ведомство қызметінен.
Айта кетейік, осыған ұқсас қайғылы жағдай өткен айда Қызылорда қаласында болды.Екі күн бұрын жоғалып кеткен алты жасар баланың мәйіті 29 сәуір күні жеке үйдің кәріз құдығынан табылды. Кішкентай Әлтайыр Бахыт құдыққа ойнап жүріп түсіп кетуі мүмкін. Өйткені баланың денесінен зорлық-зомбылық белгілері байқалмайды дейді полицейлер. Қазір мәйіт сот медициналық сараптамасына жіберілді. Алты жасар Әлтайыр осыдан екі күн бұрын үйінен ойнауға шығып кеткен еді.
