Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин кейбір Telegram-каналдардағы мәлімдемелерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Соңғы кездері кейбір телеграм-каналдардағы жарияланымдарға қатысты пікір білдіруді сұрайтындар жиілеп кетті. Шынымен де, бүгінде желіде түрлі телеграм-каналдар көбейді. Алайда олар негізінен анонимді және саяси инсайдтар түрінде жалған ақпарат таратады», - деп жазды Е. Қарин Telegram парақшасында.
Оның пайымынша, осы каналдардың көбісі нақты құрылымдар мен адамдарға қарсы ақпараттық әрекеттер жасауға бағытталған. Осы арқылы бұл жарияланымдардың тапсырыстық сипаты көрініп тұр.
Оның сөзіне қарағанда, фейк ақпаратты тарату бөлігінде «Uzyn Qulaq» каналы ерекшеленуде. Каналдың атауының өзі түрлі қауесет пен өсекке негізделгенін сипаттап тұр.
«Осы әрекеттер ақпараттық соғысты бастау мен адамдарды бір-біріне өшіктіру арқылы жағдайды тұрақсыздандыру үшін әдейі істеліп жатыр. Билік пен қоғамның назары толықтай коронавирус індетімен және оның салдарымен күресуге шоғырланған кезде, олардың жарияланымдарының дәл қазір жанданғаны кездейсоқ емес», - деді Е. Қарин.
Осы орайда ол мұндай ресурстардың арандатушылық қадамдары ұйымдастырылған ақпараттық қаскүнемдік екенін жеткізді.
«Әлемдегі және елдегі қазіргі оңай емес жағдайда кез келген фейк-ақпарат – ол да вирус іспетті, бірақ та ақпараттық вирус. Бұл вирус дүрбелең мен тәртіпсіздік тудыруға негізделген», - деп жазды ол.
Осы орайда Ерлан Қарин дау-дамай тудыру мен жікке бөлудің кез келген әрекетіне қатаң тосқауыл қойылатынын атап өтті.
«Біздіңше, құқық қорғау органдары аталған анонимді каналдың қызметін тыңғылықты зерттеп, қолданыстағы заңнама аясында тиісті шараларды қабылдау арқылы құқықтық баға бергені дұрыс», - деді ол.