Гипертониктерге арналған жеңілдікпен берілетін «Кардитонус» препаратының квотасы туралы ақпарат жалған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі осылай мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі кейбір веб-сайттарда және интернет-порталдарда таратылатын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің гипертонияны емдеу үшін жеңілдікпен берілетін препаратты тарату үшін Қазақстанның 30 жастан асқан барлық азаматтарына квота бөлуге міндеттейтін үшінші оқылымда заңды қабылдау туралы ақпарат жалған болып табылады және шындыққа жанаспайды деп хабарлайды. Бұл ақпарат белгісіз дерек көзінен таратылған әрі жалған», делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Министрліктің мәлімдеуінше, жалған ақпаратта «Кардитонус» препараты туралы айтылады.
«Осылайша, материал осы препаратты кеңінен жарнамалау ойымен дайындалған деп пайымдаймыз. Бұл препараттың жарнамасына Денсаулық сақтау министрлігінің де, министр Елжан Біртановтың да ешқандай қатысы жоқ. Тиісінше, материалда көрсетілген барлық мәліметтер мен министрдің дәйексөздері жалған болып табылады. Ведомство басшысы мұндай түсініктеме берген жоқ», деп атап өтті министрлік.
Өз кезегінде, ведомство халықтың дәрілік заттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқанын еске салды. Айта кетерлігі, клиникалық тиімділігі дәлелденген барлық дәрілер Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға енгізілген, ол мына сілтемеде қолжетімді. Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қызметіне қатысты барлық нақты ақпарат, оның ішінде халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс бөлігі бойынша мәліметтер ресми сайтта орналастырылған.