14 жел, 2020 сағат 10:48

Қарашығанақ консорциумы мен Қазақстан Үкіметі көп жылдық дауды шешті

ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі және өкілетті орган – «PSA» ЖШС арқылы әрекет еткен Қазақстан Үкіметі, сондай-ақ Қарашығанақ жобасының акционерлері – Эни, Шелл, Шеврон, Лукойл компаниялары дауды шешуді аяқтау жөнінде келісімге қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Естеріңізге сала кетсек, Қарашығанақ жобасы Қазақстан Республикасының Үкіметі, Шелл (29,25%), ЭНИ (29,25%), Шеврон (18%), Лукойл (13,5%) шетелдік компаниялар альянсы және ҚазМұнайГаз (10%) арасында жасалған Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім аясында іске асырылуда. 2015 жылы республика консорциумның пайданы бөлуімен және әдістеме бойынша есептеулерімен келіспейтінін білдірді. Осы коммерциялық келіспеушілік нәтижесінде Қазақстан Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімнің талаптарына сәйкес халықаралық төрелікке жүгінді. Төрелік процесі жүріп жатқан кезде Үкімет пен Консорциум өзара қолайлы шешім табу және келіспеушіліктерді шешу үшін келіссөздер жүргізген еді. 

Энергетика министрлігінің мәліметінше, дауды аяқтау туралы келісім аясында Консорциум Қазақстан Республикасына 1 миллиард 305 миллион АҚШ доллары көлемінде төлем жасап, тараптар өнім бөлудің түпкілікті әдістемесін келісті. Нәтижесінде Қазақстан 2037 жылға дейін қосымша 600 миллион АҚШ долларын (мұнай бағасы 1 баррель үшін 40-50 АҚШ доллары болған кезде) алады. Сонымен қатар тараптар Қарашығанақ кен орнындағы өндіру деңгейін одан әрі ұстап тұру мақсатында Қарашығанақ-1 (А) кеңейту инвестициялық жобасын іске асырудың басталуын мақұлдады.

Қарашығанақты келешекте кеңейту жобасының (ҚКЖ (1А) инвестициялық көлемі шамамен 1 миллиард АҚШ долларын құрайды және газды кері айдау компрессорын және онымен байланысты қондырғыларды салуды көздейді. Бұл сұйық көмірсутектер өндіру көлемін жылына 10-11 млн деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. ҚКЖ (1A) іске асыру жергілікті қамтудың ең аз үлесін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуда 45 және персоналды жалдауда 75 пайыз мөлшерінде қамтамасыз етуді көздейді. Кейіннен тараптар жобаның техникалық-экономикалық параметрлерін ескере отырып, ҚКЖ 1 (В) іске асырудың келесі кезеңін жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырды. 

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің ресми өкілінің айтуынша, тараптар дауды аяқтау туралы келісімге қол қою арқылы ұзақ мерзімді дау мәселесінде соңғы нүкте қойды. Келіспеушіліктің мәні – өнімді және сәйкесінше ақшалай кірісті тараптар арасында әділ бөлу. Республика қатаң түрде қол қойылған келісімшарт талаптарына және қолданылатын заңнамаға сәйкес әрекет еткенін атап өткен жөн. Ұзақ және қиын келіссөздер нәтижесінде тараптар дауды бітімгершілікпен шешуге қол жеткізді. Бұл республиканың инвесторлармен туындайтын дауларды келісімшарт ережелеріне сәйкес өзара қолайлы шешуге бейімділігін көрсетті», - деп атап өткен министрліктен.