20 сәу, 2023 сағат 16:37

Қарапайым халық жидек тергені үшін салық төлей ме – министр жауабы

Сурет: kbrrcge.brest.by

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев саңырауқұлақ пен жидек тергені үшін кімдер салық төлейтінін нақтылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, мұндай алым түрі бұған дейін де болған.

"Бұл заңның жаңашылдығы – бұрын салық тек ерекше қорғалатын аймаққа, мысалы ұлттық парк, қорықтарға ғана таралса, енді бүкіл жерде қолданылады. Екіншіден, бұл жерде қарапайым халық туралы сөз болып отырған жоқ. Салық дәрілік препарат жасайтын, коммерциялық мақсатта пайдаланатын кәсіпкерлерге қатысты. Жабайы шөптеріміз бен жидегіміз біздің байлығымыз саналады. Сол себепті әлдекім кәсіпкерлікпен айналысса, олар салық төлеуге тиіс. Ал қарапайым халық төлемейді", - деп түсіндірді Жамаубаев Мәжіліс кулуарында.

Осы орайда журналистер көпбалалы отбасы бірнеше шелек жидек теріп, оны сатса, салық салына ма деп нақтылады?

"Жоқ, салынбайды. Яғни сіз қала сыртына немесе ауыл маңына келіп, жидек терсеңіз, ешқандай шектеу жоқ", - деді министр.

Айта кетері, 2024 жылдан бастап елімізде кейбір азаматтар саңырауқұлақ пен жидек тергені үшін салық төлейді. Төлем сомасын жергілікті мәслихаттар есептейді.