Қарағандылық полицейлер ерлі-зайыптылардың екі млн теңге салынған сөмкесін тауып берді, деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
3 маусым күні сағат 12:25 шамасында Қарағанды қалалық ПБ-на қарасты Орталық полиция бөліміне белгісіз біреу Нүркен Әбдіров даңғылындағы үйлердің бірінің ауласындағы орындықтан ішінде екі миллион теңге ақшасы бар қол сөмкені алып кетті деген хабарлама түскен. Арада он минут уақыт өткенде оқиға орнына құрамында тергеуші Арман Иманқұлов, жедел уәкіл Ізмұрат Мүслімов және криминалист Нұрлан Бейсенбеков бар жедел-тергеу тобы жеткен. Алдымен сол жерге барған полиция қызметкерлері ірі көлемде ақшаның жоғалуы бойынша анықтау жұмыстарын жүргізген. Ерлі-зайыпты Медет және Вероника Кокышевтер көлік сатып алу мақсатында Ақмола облысынан Қарағандыға келген. Нүркен Әбдіров даңғылының бойындағы үйлердің бірінің ауласында олар Қарағанды қаласынан сатып алмақшы болған көлікті көрсететін өзінің танысын күтіп отырған. Арада уақыт өткенде танысы келіп, ерлі-зайыптыны сатып алатын көліктерін көрсетуге апарған. Көлік алуға барар жолда Вероника отырған жерлерінде ішінде екі миллион теңге ақшасы бар қол сөмкесін ұмытып кеткенін айтып, Нүркен Әбдіров даңғылына қайтып оралады. Олар ақша салынған сөмкені таппағандықтан полицияға хабарласқан.
Таңертеңгілік селекторлық кеңесте жоғалған ақшаны іздеу жұмысына жұмылдырылған жедел-тергеу тобы қызметкерлерінің жұмысын Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин жоғары бағалап, өзге қызметкерлерге үлгі ретінде көрсетіп, өз құқығымен марапаттайтынын жеткізді.
