08 қаң, 2019 сағат 09:16

Қарағандыдағы жағдай: ІІМ күдіктінің өз еркімен берілуін сұрады

Қарағандыдағы кісі өліміне қатысты 8 күдікті тұтқындалды. Бұл туралы ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күні Қарағандыда бұзақылық әрекет жасап, 23 жастағы жігітті өлтірді деген күдікпен 8 адам ұсталып тұтқындалды және күдіктілердің бірі Гурурянға іздеу жарияланды. Тергеу аясында полиция тобы оның болуы мүмкін жеріне кетті. Күдіктінің берілуге дайын екендігі туралы мәлімдемесі желіге жариялануына байланысты осыдан 2 күн бұрын оның туыстарына қызметкерлеріміздің байланыс деректері берілген болатын. Алайда осы күнге дейін ешкім байланысқа шыққан жоқ», - деді Алмас Садубаев.

Департамент басшысы еліміздің Ішкі істер министрлігі істің объективті әрі жан-жақты тергелетіндігіне кепіл беретіндігін атап өтеді. Сонымен қатар азамат Гурурянға өз еркімен полиция қызметкеріне берілуге кеңес береді. «Тергеу барысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің айрықша бақылауына алынған», - деді ол.

Еске салсақ, 1 қаңтар күні Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасында болған жанжал кезінде бір жігіт көз жұмған болатын. Билік аталған процестің обьективті және барынша ашық өтетініне уәде берді.