Бүгін, яғни, 6 қаңтар күні Қарағандыда жүздеген адам көшеге жиналып, жаппай төбелес кезінде мерт болған жігіттің қазасына қатысты билік орындарының түсініктеме беруін талап етті.
Облыстық білім басқармасының алдына жиналған жұртшылық өз талап-тілектерін айтып, қылмыстық істі тергеу барысына алаңдаушылық білдірді. Кейбір қоғам белсенділері жиынның қалай өріс алғанын фейсбук желісі арқылы тікелей эфирде көрсетті.
Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарағандыдағы билік өкілдері «Древний Рим» мейрамханасында орын алған жанжал кезінде көз жұмған жігіттің жақындарымен кездескен. Кездесу барысында тергеудің жүргізілуі жайлы түсініктемелер берілген.
«Бұл уақытта Полиция департаментінің алдында ақпараттың хабарлануын күткен 200-230 адам жиналды. Жиналғандардың алдында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов сөз сөйлеп, тергеудің барысы жайлы және алдағы уақытта іске асырылатын шаралар туралы толық ақпарат берді. Әкім тергеу шараларының ҚР Бас прокурорының жеке бақылауына алынғандығын және барлық кінәлі тұлғалардың жазаланатынын қадап айтты» дейді баспасөз өкілдері.
Билік аталған процесстің обьективті және барынша ашық өтетініне уәде берді. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тарапынан ҚР Қылмыстық кодексінің адам өлтіру және бұзақылық баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бүгінгі таңда 8 қатысушы анықталды, оның 7-еуі тұтқынға алынды, 1-еуі халықаралық іздестіруге жарияланды.
«Жанжал екі компания арасында болғанын және ұлтаралық сипат алмағанын хабарлаймыз. Сондай-ақ ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша жалған ақпарат тарату - бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, 7 жылға дейінбас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын ескертеміз. Кездесу барысында ешқандай заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта қалада және облыста жағдай тұрақты, қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол берілген жоқ» делінген ресми хабарламада.