Жексенбі күні кешке Қарағанды қаласының бірқатар көшелерінде электр қуаты өшіп қалды. Апаттың себебі электр желісінде пайда болған өрт болды. Бүгін қала әкімі болған жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
23 мамыр күні кешке Қарағандыда электр желісінде өрт шықты. Салдарынан Ерубаев, Гоголь, Чижевский көшелері мен Н.Назарбаев даңғылындағы үйлердің бір бөлігі жарықсыз қалды.
ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, сарапшылардың қорытындысы бойынша өрт қоқыстың жануынан пайда болды, жалын кейіннен желілердің тұйықталуына әкеп соққан.
«Жиырма үшінші мамыр 21.40-та Пригородная көшесіндегі өрт туралы хабарлама келіп түсті. Сегіз қума метр жоғары вольтты кабель мен 30 шаршы метр құрылыс қоқысы жанып кетті. 22.22-де өрт сөндірілді. Оқиға орнында Қарағанды облысы ТЖД жеке құрамынан 10 адам және 2 бірлік техника жұмыс істеді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі - ашық от көзі» деп хабарлады ведомствода.
Жағдайға қатысты «Қарағанды Жарық» ЖШС де түсініктеме берді. Компания өкілдері өрттен зардап шеккен электр желілері қайта қалыпқа келтірілгенін хабарлады.
«Пригородная, 10 көшесіндегі электр беру желілерінің астына рұқсатсыз қоқыс жағу салдарынан өрт шығып, Гоголь, Ерубаев, Чижевский көшелері және Назарбаев даңғылы бойынша ішінара тұтынушыларды энергиямен жабдықтау ажыратылды. 2 фидер зақымдалды: біріншісі кеше 23 сағат 30 минутта қосылды, екіншісі жақын арада жұмыс істей бастайды».
Қала әкімі Ермағанбет Бөлекбаев Facebook парақшасында осы оқиғаға түсініктеме берді. Қала басшысы өрттің шығу себебін атап өтті.
«Пригородная көшесінің тұрғындары электр беру желілерінің астындағы рұқсат етілмеген қоқыс орнын өртеп жіберді, бұл ЭЖ тіректерінің өртенуіне әкелді. Қазіргі уақытта өрт сөндірілді, жөндеу бригадасы тұтынушыларды резервтік электрмен жабдықтауға ауыстырумен айналысуда, сондай-ақ электр беру желісін қалпына келтіру бойынша жұмыстар ұйымдастырылды. Жақын арада энергиямен жабдықтау қалпына келтіріледі. Кінәлілер жауапқа тартылады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін барлық қарағандылықтарды отпен мұқият болуға шақырамын», - деп жазды қала әкімі.
