05 мам, 2021 сағат 20:20

Қарағанды облысында жоғалған кәсіпкердің денесі табылды


Нұра ауданының Кәрім Мыңбаев ауылынан шығып, жоғалып кеткен 63 жастағы кәсіпкердің денесі табылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

"5 мамырда Нұра ауданында жүргізілген ұзақ іздеу жұмыстарының нәтижесінде Қарағанды ​​облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару бөлімшелері Тассуат аулының маңынан 8 сәуірде жоғалып кеткен, 1958 жылы туған Н.Х.Сүлейменовтің мәйітін тапты", - делінген хабарламада.

Құтқарушылар жоғалған адамды 10 сәуір мен 5 мамыр аралығында Нұра өзенінің арнасы бойымен іздеген.


"Тралдау әдісімен 32 шақырым, эхолотпен 23 шақырым іздедік, визуал түрінде 75 шақырымды қарадық, квадрокоптермен 35 шақырымды тексердік. Жаяу жүріп, жағалау аймағы су бетінің 17 шақырымы қаралды. Сондай-ақ, Нұра өзенінің маңындағы 45 шақырым жер жаяу тексерілді. 1 200 шаршы метр аумағында сүңгуірлер жұмыс жүргізді. ТЖД кинологиялық бөлімі 18 шақырымды тексерді. Суда жүзетін кемелер өзен арнасының 170 шақырымын қарап шықты. Іздестіру жұмыстарына тікұшақ жұмылды. Сонымен қатар аэровизуал тексеру үшін моторпарапландар қолданылды, олар шамамен 30 шақырымды қарады.

Соған қарамастан, құтқарушылар үмітін үзбей, бір жерді бірнеше рет тексеріп, жедел іздестіру жұмыстарын тоқтатпады. Марқұм жағалаудан 50 метр төменде, көлік табылған тұстан төрт шақырым жерден табылды", - деді ТЖМ өкілдері.


Нұрлан Сүлейменов шаруа қожалығының басшысы және Nur Otan депутаты болған. Ол 8 сәуірде Қарағанды ​​облысының Нұра ауданында жоғалып кеткен. Кейін оның жол талғамайтын көлігі, қалпақшасы мен сырт киімі Нұра өзенінен табылған болатын.