21 мам, 2021 сағат 15:44

Қарағанды облысында коронавирусқа қарсы вакцинация қалай өтуде?


Қарағанды облысында коронавирусқа қарсы вакцинация науқаны жалғасуда. 72 713 адам толығымен егілді, бірінші компонентті 144 352 тұрғын алды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында өңір басшысы Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қарағанды облысында 4 899 инфекциялық төсек орын бар. Олардың толымдылығы 36%-дан аспайды. Облыстың стационарлары мен емханаларында дәрі-дәрмектер мен ЖҚҚ-ның үш айлық қоры бар.

«Барлық қажетті медициналық жабдықтар, оның ішінде 26 компьютерлік томограф бар. Жан басына шаққандағы томографтар саны бойынша облыс республикада жетекші орындардың бірін алады», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Өңірдің барлық қалалары мен аудандарында мамандандырылған тоңазытқыш жабдықтарымен жабдықталған 115 иммундау кабинеті жұмыс істейді. Сондай-ақ, сегіз ірі сауда орталығында егу кабинеттері бар. 

Сонымен қатар, қызметкерлерді иммундау үшін өндірістік кәсіпорындарға егу бригадалары барады.

Жалпы, облыста медицинаны дамытуға көп көңіл бөлінеді. Биылғы жылы бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.

Мәселен, екі жаңа жедел көмек қосалқы станциясы ашылмақ. Маусым айында операциялық-реанимациялық блоктың және онкологиялық диспансер жанындағы ядролық медицина орталығы ғимаратының құрылысы басталады. Сондай-ақ, облыстық балалар клиникалық ауруханасының құрылысы аяқталуы тиіс. 

Ауылдық жерлерде үш жыл ішінде 32 ФАП салынады.