13 там, 2018 сағат 21:20

Кар Сити базарын тексерген алматылық полицейлер 5 қылмыскерді ұстады

Алматыда «Car city» базарына рейд жүргізген полицейлер 5 қылмыскерді қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полицейлер өткен сенбіде автобөлшек базарында кезекті тексеріс жүргізді. Шараға 600-ден аса ішкі істер қызметкері жұмылдырылды. 5 жедел тобы сауда нүктелерінен бөлек техникалық қызмет көрсету орындарын да тексерген.

«Учаскелік инспектор ізін суытпай мүлік ұрлау қылмысын әшкереледі. Қылмыс жасаған 1994 жылы туған К. есімді азамат бұған дейін бірнеше рет сотталған. Бұдан басқа 149 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 126 адам аты-жөнін анықтау мақсатында ішкі істер органына жеткізілді. Өзбекстандық 10 азаматтың елде миграция заңын бұзып жүргені анықталды. Рейд барысында ата-анасынан жырақта жүрген, Қазақстанның басқа өңірлерінен келген 3 жасөспірім ұсталды. Бұл балалар кәмелеттік жасқа толмағандардың уақытша бейімдеу орталығына орналастырылды», - деді Алматы ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай тексерулер алдағы уақытты тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ. Ондағы мақсат - қаладағы қылмыстық ахуалды түзеп, заң талаптарын бұзғандарды ұстау. Біреудің мүлкін ұрлағандар, ұрланған заттарды сатумен айналысқандарды жазаға тартып, заңсыз миграция каналдарын анықтау болып табылады.