04 мам, 2020 сағат 18:25

Қапшағайда соққыға жығылған оқушылардың ата-аналары әділдік іздеуде

Қапшағайда 8-9 сынып оқушыларының ата-аналары балаларын белгісіз біреулер азаптап, оларға оқ атып, белдікпен ұрып-соқты деп шағымдануда. Оқушылардың сөзінше, оларды дала заңымен аяусыз жазалағандар тіпті арыз жаздырған. Ол жерде балаларға бір жыл бойы темір-терсек орналасқан аймақтан темір ұрладық деп жазуды міндеттепті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төрт оқушыны белгісіз адамдардың аяусыз сабағаны сонша, балалардың денелерінде белдіктің ізі тайға таңба басқандай қалған. Таяқтың астында қалған оқушылардың сөзінше, оларды көлік қозғалтқышының резеңке белдігімен соққан. Тіпті, ұрлық жасағандарын мойындамаса алабай итке азық ретінде береміз деп қорқытыпты. Ал полицияның берген ақпаратына сәйкес, қазір төрт оқушы өндірістік базадағы автобөлшектер мен түрлі темір-терсектерді ұрлады деген күдікпен тергеліп жатыр. Қазір осы фактіге орай қылмыстық істің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 

«Қапшағай қаласындағы өндірістік базалардың бірінде автобөлшектер мен түрлі темір-терсектерді ұрлау фактісі бойынша 2004-2005 жылы туған 4 жасөспірім күдікее ілініп отыр. Бөтеннің мүлкін ұрлау фактісі бойынша (ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлігімен) қылмыстық іс тіркелді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу барысында бұл жеткіншектердің қылмысқа бірнеше рет барғаны, баруға әрекеттенгені белгілі болды. Соңғы әрекеттерінде оларды база қызметкерлері қылмыс үстінде байқап, ұстап, құрықтаған. Күдіктілер өздерінің әке-шешелерінің қатысуымен сұрауға алынды, олар бар кінәларын бірден мойындады», - деді Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Ақбота Әзірбек. 

Ал ай-күннің аманында балаларымыздан айырылып қала жаздадық деген ата-аналар бұл істе құзырлы орган біржақтылық танытпаса деп сұрайды. Себебі, ешкімнің де біреудің баласын дала заңымен жазалауға құқы да, қақысы да жоқ деп отыр. 

«Мен Үкімет басындағылардан, барлық құзырлы мекеменің басшылығынан бұл істі қатаң бақылауға алуды өтінемін. Балаларымызды азаптап, қинап, ұрып-соққандар жазасыз қалмауын өтінемін», - деді жәбір көрген оқушы баланың ата-анасының бірі Алексей Раткеев

Бірақ, балаларды нақты кімнің ұрғаны белгісіз. Оқушылар олардың түрлерін өмір бойына естеріне сақтап қалғандарын айтады. Қазір ата-аналар балаларын белгісіз біреулердің қинап, ұрып-соғып азаптағаны үшін полицияға арыз түсіріп, әділ тергелуін тілеп отыр.