Қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жарияланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр.
Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым" - деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында.
Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайды. Сондай-ақ, лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға да рақымшылық болмайды.
"Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз" - деді Мемлекет басшысы.