Дебатты бастаған Зеленский «2014 жылғы сайлауда Петр Порошенкоға дауыс бергенін, бірақ онысы қате болғанын» айтты. Ол «қазіргі Порошенко мен бұрынғы Порошенконың айырмасы көп, екі Порошенко бар және мен сіздің қателіктеріңіздің нәтижесімін» деді.
Ал екінші болып сөз алған Петр Порошенко «бұл дебатқа әзер жеттік, өйткені Зеленский мырза бізден, халықтан жасырынып келді» деді.
Ол Зеленскийдің ел басқара алатынына күмәні бар екенін білдірді. Порошенко «бұл кандидат әлсіз, Путиннің соққыларын көтере алмайды» деп ашық айтты.
Украинаның қазіргі президенті Петр Порошенко «2014 жылы Украинаны президент ретінде қабылдап алған кезде елде алтын резерві бос болған, ел қазынасында ақша жоқ, әскер де жоқ еді» деді. Ол Зеленскийді «елде соғыс болып жатқанда сен Ресейдің ақшасына кино түсіріп, Украинаны мазаққа айналдырып жүргенсің» деп айыптады.
Ал Зеленский Порошенкодан «ДНР мен ЛНР аймағында (Украинаның шығысын басып алған ресейлік сепаратистердің мойындалмаған республикасы – ред.) «Рошен» (Петр Порошенкоға тиесілі кондитерлік компания – ред.) конфеттері сатылып жатқаны рас па?» деп сұрады. Украина президенті мұны «жалған» деді.
Порошенко Зеленскийден «серіктесіңіз (миллиардер Игорь Коломойский – ред.) «Приватбанктегі» қаржыны ұрлап кеткені үшін оның қолын кесесіз бе?» деп сұрады. Зеленский бұл сауалға «айыпты болса жауап береді, бәрі түрмеге отырады» деді.
Дебат кезінде Зеленский Порошенконың «Украинаны бес жылдан соң қалай елестетесіз?» деген сұрағына «Украина Еуропаға бет алды, сол үшін қанын төкті. Егер халық мені гарант деп қолдаса, оған дайынмын. Мен президенттік қызметте тек бес жылға ғана отырам. Қайта сайланбаймын» деп жауап берді.
Бұдан соң сөз алған Порошенко «Пятый каналды» (Порошенкоға тиесілі телеарна - ред) әділдікті айтатын, журналистерге қолайлы орын деп сипаттады. Ол «1+1 арнасын» (миллиардер Коломойскийдің жекеменшік телеарнасы - ред) «жалған ақпарат таратумен айналысады» деп айтыптады.
Дебаттың біраз бөлігі Петр Порошенко мен Владимир Зеленскийдің емес, Порошенко мен Коломойский арасында өткендей әсер қалдырды. Президент сөзінің көп бөлігін миллиардерді айыптауға арнады.