02 ақп, 2023 сағат 15:49

Канада парламентінің төменгі палатасы Шыңжаңнан қашқан 10 мың ұйғырды қабылдауды қолдады

Сурет ашық дереккөзден алынды

Сәрсенбіде Канада парламентінің қауымдар палатасы Қытайдың Шыңжаң өңірінен қашып шыққан 10 мың ұйғыр босқынын екі жыл ішінде қабылдау жөнінде қарар қабылдады, деп хабарлайды Азаттық.

Қауымдар палатасының 322 мүшесі құжатты қолдап дауыс берді, ешкім қарсы шықпады. Қарардың заңдық күші жоқ, бірақ ұсыныс сипаты бар.

Бұл құжатты қауымдар палатасының мүшесі Самир Зубери дайындады. Қарарда Шыңжаңдағы ұйғырлар мен басқа да жергілікті түркітілдес қауым өкілдері Қытай билігінің қысымына ұшырағаны, Канада үкіметі еліне оралған босқындарға қауіп төніп тұрғанын мойындауы керектігі айтылған.

Reuters басылымының мәліметінше, премьер-министр Джастин Трюдо үкіметі қарар талаптарын орындауға міндетті емес, алайда парламенттің құжатты бірауыздан қабылдауын ескеруі керек.

"Канада көмекке зәрулерге көмектесуден ешқашан бас тартпайды. Мен қауымдар палатасы қабылдаған қарар ережелерін жүзеге асыру үшін партиялардың барлық мүшесімен жұмыс істеуге дайынмын" деп мәлімдеді Канада көші-қон министрі Шон Фрейзер.

Адам құқықтарын қорғау ұйымдары Пекинді 2017 жылдан бастап миллиондаған мұсылман ұйғырды, қазақты және басқа да түркі ұлты өкілін түрмелер мен "қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" қамады деп айыптап келеді. 2021 жылғы ақпанда Канаданың қауымдар палатасы Пекиннің Шыңжаңдағы түркі халықтарына қатысты саясатын геноцид деп таныды. Содан бір ай бұрын сол кездегі АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Шыңжаңда болып жатқан оқиғаларды геноцид деп атаған.

Қытай билігі тағылған айыптарды жоққа шығарып, Шыңжаңдағы саясатын терроризммен және экстремизммен күрес шаралары деп атаған.

Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.