18 шіл, 2025 сағат 12:18

«Кальмар ойыны-3»: Қазақстандықтар не деп жатыр?

© Чемпионат.com


Сонымен, триллер жанрындағы «Кальмар ойыны» корей драмасының үшінші маусымы аяқталды. Оқиға екінші маусым аяқталған жерден басталады: Сон Ки Хун (465-ойыншы) Ойынға екінші рет оралып, оны біржола аяқтауды мақсат етеді. Екінші маусымның соңында Ки Хун Жетекші мен VIP-тердің бұйрығымен Ойынды басқаратын жұмысшылар мен сарбаздарға қарсы сәтсіз көтеріліс ұйымдастырды. Үміттері үзілген соң, Ки Хун мен аман қалған одақтастары қайтадан Ойынға оралады. Осы орайда Ult.kz тілшісі ойын барысын талдап,  аталған сериал туралы қазақстандықтар не деп жатқанын анықтап көрді.

 

Кейіпкерлер

 

Сериалдың авторлары «Кальмар ойынының» финалына ерекше мән берген. Жарылыспен аяқталған соңғы бөлім – бүкіл маусымның ең әсерлі әрі шарықтау шегі. Ойын басты кейіпкердің жан түршігерлік өлімімен аяқталып, соңғы көрініс келешекте болуы мүмкін спин-оффқа негіз салып тұрғандай әсер қалдырады.

 

«Адамдар бақытты аяқталуды ұнатады, мен де сондаймын. Бірақ кейбір хикаялар табиғатынан ондай аяқтауға келмейді. Егер мәжбүрлеп бақытты соң жасасаңыз, мағынасы бұзылады. Егер оқиға өмірді бейнелесе, ол әрдайым бақытпен аяқталмайды. «Кальмар ойыны» – бұл тұрғыда ерекшелік емес», – деді шоу авторы Хван Дон Хек.

 


Сериалда кейіпкерлердің көпшілігі соңына дейін тірі жетпейді. Үшінші маусымда аман қалған ойыншылар: Ки Хун (465), Хен Джу (120), анасы мен ұлы Гым Чжа (149) және Йон Сик (007), жүкті Чун Хи (222) мен оның бұрынғы күйеуі, криптоблогер Мен Ги (333), ұялшақ Мин Су (123), Нам Гю (124), шаман Сен Не О (044) және бұрынғы теңіз жаяу әскері Дэ Хо (388). Ки Хун мүмкіндігінше көп адамды құтқарғысы келгенімен, ойын жалғасады. Олардың бірі – үрейлі алып қуыршақтармен ойнайтын «қос голландық» кезеңі. Ки Хун Чун Хидің нәрестесін аман алып шығады, бірақ анасы қайтыс болған соң, VIP-персоналар сәбиді де ойынға қатыстыруға дауыс береді.

 

Финал

 

Финалдық ойын – «Көк аспан Кальмар ойыны» деп аталады. Үш кезеңнен тұратын бұл ойында ойыншылар квадрат, үшбұрыш және дөңгелек пішіндегі үш тірек бойымен қозғалып, әрқайсысында басқа ойыншыны құлатуы керек. Әр кезеңді бастау үшін жердегі қызыл түймені басу қажет; егер ойын басталмай тұрып біреу өлсе, ол есептелмейді.

 

Ки Хун Чун Хидің сәбиін құшағында ұстап, алғашқы екі кезеңде оны басқалардан қорғайды. Баланың әкесі – Мен Ги тіпті жүлдені алу үшін өз сәбиін өлтіруге тырысады. Үшінші кезеңде тек Ки Хун, Мен Ги және сәби қалады. Екі ер адам арасында пышақтасу басталып, Мен Ги жеңіліп, құлап қайтыс болады.


Ки Хун бұл кезде қызыл түйменің басылмағанын байқайды – ойын ресми түрде басталмаған. Ол түймені басады да, 10 минуттық таймер іске қосылады. Балаға маңдайынан сүйіп, үш шешімнің бірін таңдауы керек болады: сәбиді өлтіріп, жеңімпаз болу; ештеңе істемей екеуінің де өлуіне жол беру; немесе өзін құрбан етіп, баланың жеңіске жетуіне мүмкіндік беру. Ол VIP-персоналар мен Жетекшіге адамдардың «құрбандыққа шалынатын пешкалар» емес екенін айтып, өз-өзіне қол жұмсайды.

 

Netflix-пен сұхбатында автор бастапқыда Ки Хунды өлтіргісі келмегенін, бірақ хикаяны аяқтау үшін оның өзін құрбан етуі дұрыс шешім болғанын айтты.


«Тек өз пайдасын көздейтін қоғамда, егер бір-біріміз үшін құрбан болуға дайын болмасақ, болашағымыз жоқ. Ки Хунның сәбиді құтқару үшін өзін құрбан етуі – қазіргі заманға керек месседж. Бұл ойынға кездейсоқ түсіп, бәріне шыдап, соңында бәрін тоқтатуға тырысқан адамның әрекеті», – дейді автор.


Ки Хун қайтыс болған соң, Ойында тірі қалған – 222-ойыншының баласы – жеңімпаз деп жарияланады. Автор бұл шешім арқылы үміт сәулесін көрсеткісі келген: «Бұл сәби – болашақ ұрпақтың символы. Біз олардың болашағы үшін жауаптымыз».

 

 

Сәбидің тағдыры мен  Кейт Бланшеттің камеосы


Ки Хун өлгеннен кейін, күзетші Жетекшіге теңіз сақшылары келе жатқанын хабарлайды. Жетекші аралды эвакуациялауды бұйырады. Ол Ки Хунның мәйітіне келіп, дөңгелек тіректегі баланы құтқарып кетеді.

VIP-аймақта ол інісі Чун Хомен кездесіп, соңғысы ойындарға қатысы туралы жауап талап етеді. Жетекші үнсіз қалады. Ол аралдағы барлық дәлелдерді жою үшін жарылғыштарды іске қосады. Алты ай өткен соң, Чун Хо пәтеріне келгенде, үстелдің үстінде сәби мен оған арналған 4,56 миллиард вон ақшасы бар банк картасын табады.


Жетекші Лос-Анджелесте көлікпен кетіп бара жатқанда, ddakji ойынын ойнап жатқан екі адамды көреді. Солардың бірі – Кейт Бланшетт ойнаған, қолында портфелі бар әйел. Ол Жетекшіге қарайды. Бұл оның американдық нұсқадағы ойынның рекруттері болуы мүмкін екенін меңзейді.


Режиссер Дэвид Финчердің ағылшын тіліндегі «Кальмар ойыны» спин-оффын түсіруі мүмкін деген қауесет бар. Бірақ үшінші маусымның финалындағы камео болашақ сюжетке сілтеме ретінде емес, таза көркемдік шешім ретінде енгізілген.

 

Қазақстандықтар не деп жатыр?

 

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова танымал оңтүстіккореялық «Игра в кальмара» сериалының қазақстандық оқушыларға әсері туралы ойымен бөлісті.


ОКҚ брифингінде тілшілер сұрағына жауап берген спикер аталған сериалдың қазақстандық емес екенін және оны 18 жастан асқандар ғана көруге болатынын түсіндірді.


«Ол сериал ересектерге көруге арналған. Ата-аналар осы дерекке назар аударуы керек. Ата-аналар мен мұғалімдер түрлі тәрбиелік іс-шаралар аясында балаларға пайдалы ақпаратты теріс ақпараттан ажырату дағдыларын үйретуі керек. Әрине, бала психикасының қалыптасу барысына үйде ата-ана, мектепте мұғалім бақылауы керек», – деді Шолпан Каринова.

 


«Кей ойындар біздің ұлттық ойындарымызға ұқсас»


Ал сериалдағы ойындар қазақтық кейбір ұлттық ойындарымен ұқсас. Бұл туралы тоғызқұмалақ ойынының жаттықтырушы Сәбит Оразбаев айтып берді.

 

«Сериалдың тек зиян жағын көрген де дұрыс емес. Мәселен, жастарды қызықтыратыны – кадрдағы ойындар. Кей ойындар біздің ұлттық ойындарымызға ұқсас. Кейбір элементтерін байқауға болады. Атап айтқанда, «Бисогчики» – «Асық ату» ойнына келеді, шарты да ұқсас, нысанды дәл атып құлату ғой. Ал «Конги» – «Бестас» ойынымен ұқсас, екеуінде де бірін лақтырғанда, екіншісін іліп үлгеру, кейін «арка» жасап өткізу  сияқты ортақ сипаттары бар. Сонымен қатар «джеги» – «ләңгі» ойныны сияқты, джеги допсыз футбол ойыны сияқты болса, қазақ балалары «ләңгіні» теуіп ойнайды, онда да доп жоқ. Осындай ұқсастырға қарап, кейде жастарды жылдамдыққа, дәлдікке, нақтылыққа баулиды», –  дейді жаттықтырушы.

 


«Кальмар ойыны» психологты несімен таңғалдырды?


Жалпы «Кальмар ойыны» туралы психологтың да пікірін білгіміз келді. Әлия Базарбай аталған сериалды біздің өтінішімізбен арнайы қарап шықты.

 

«Кеше сериалдың үшінші бөлімі – «Кальмар ойынына» оған қатысты пікірімді сұраған соң, арнайы қарап шықтым.  1 және 2-маусымдар, әрине, автордың өмірге көзқарасы мен оқиғаларды интерпретациялауымен таңғалдырды, бірақ бұл тек тереңірек ойланатын көрермендерге ғана әсер етеді. Ал жай ғана көрініске қарап отырғандар үшін бұл – қанды қырғын ғана. Көрермен ретінде жай ғана қысқаша өз ойымды жеткізгім келеді: сюжет қызықты шыққан. Актерлер ойыны әдеттегідей жоғары деңгейде – бұл олардың кәсіби шеберлігімен қатар, жергілікті колориттің де әсері болуы мүмкін.

Оқиғалардың өрбуіне қарап отырып, әр серия сайын кейіпкерлердің айтарлықтай азайып отыратынына қарамастан, бұл трилогия эпопеяға айналатын сияқты. Жалғасы болады деген үміт қуантады, өйткені әрдайым психологиялық тұрғыдан ой салатын сәттерді байқауға болады.
Әрине, бұл фильмді көңілі тым жұмсақ, психикасы әлсіз немесе ашық сахналарға сезімтал адамдарға көруге ұсынбас едім», – дейді психолог.

 


Ақбота Мұсабекқызы