Фото: театрдың баспасөз қызметі
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры көрермендерге қазақ әдебиетінің көрнекті туындысы негізінде сахналанған жаңа қойылымды ұсынды. Театр сахнасында Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» шығармасы бойынша спектакльдің премьерасы өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Қойылымның ерекшелігі – автор мәтіні толық сақталып, бірде-бір сөзі өзгертілмеген. Режиссерлік трактовка арқылы шығармаға жаңа сахналық шешімдер берілген.
Спектакль камералық форматта сахналанып, үш кейіпкердің – Шолпан, Сәрсенбай және Әзімбай арасындағы күрделі қарым-қатынасты бейнелейді. Мұндай формат кейіпкерлердің ішкі жан дүниесіне, олардың күйзелісі мен жасырын сезімдеріне терең үңілуге мүмкіндік береді.
Қойылымда Шолпанның тағдыры ғана емес, Сәрсенбайдың ішкі әлемі де кеңінен ашылады. Сахналық туындыда адамдар арасындағы жасырын сыр, айтылмаған шындық, адамның жан азабы, моральдық таңдау және өмірдің мәні сияқты мәңгілік тақырыптар көтеріледі. Спектакль көрерменге дайын жауап ұсынбай, әркімнің өз пайымын жасауына мүмкіндік береді.
Қойылымның қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирғалиева. Қоюшы әрі костюм суретшісі – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Шынар Елембаева. Пластика режиссері – Асан Борончиев, ал хореограф – Карина Жиренбаева.
Жаңа қойылым классикалық әдеби туындыны заманауи сахналық шешімдер арқылы қайта зерделеп, көрерменді адам тағдыры мен моральдық таңдау туралы терең ойға жетелейді.
