Қаламқас кенішіндегі оқиғадан кейін төтенше жағдайларды алдын алу үшін жан-жақты техникалық сараптама жүргізілетін болады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Маңғыстау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдері үшін брифинг өтті. Брифинг барысында «Қаламқас» кен орнында болған техногендік апатқа қатысты мәселелер талқыланды.
Жақып Марабаев, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Бақыт Иманбаев, «ҚазМұнайГаз» өндіру және бұрғылау технологиялары ғылыми-зертту институты» ЖШС Бас директоры Бақытжан Хасанов, «Мұнай-газ ҒЖЗИ» АҚ бас директоры Олег Герштанский қатысты.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Жақып Марабаевтың айтуынша, осы жылдың 13 наурызында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға қарасты Қаламқас кен орнының күрделі учаскесінде ұңғыманың құрылысы барысында техногендік сипаттағы газ-су аралас табиғи бұрқақ шыққан. Оның айтуынша, наурыздың 13-24 күндері мамандар ұңғыманы күрделендірілген бұрғылау ерітіндісімен жуу, сондай-ақ грифондарды жою үшін жөндеу-оқшаулау жұмыстарын жүргізген. Қолданған шараларға қарамастан, 25 наурыз күні жер бетіне шыққан газ-су қоспасының ошағы жана бастайды. Маңғыстау облысы бойынша ТЖД бастығы Қ.Б. Базарбаевтың басшылығымен ТЖ, экология, полиция, орталық мемлекеттік органдар, ҚМГ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «СиБУ» ЖШС және Маңғыстау облысы әкімдігі өкілдерінен құрылған жедел штаб өрт ошағын ауыздықтау бойынша қажетті шараларды қабылдаған. Төтенше жағдайды жою үшін 80-нен астам маман және 25 түрлі техника жұмылдырылған.
Жақып Марабаевтың айтуынша, қарағанда, 28 наурызда сағат 01.05-те №8237 ұңғымасы маңайындағы грифонда шыққан өрт ауыздықталған. Қазіргі таңда газ-су аралас табиғи бұрқақтың жер бетіне шығуы тоқтатылып, пайда болған грифондардың жабылғаны белгілі болып отыр. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Алдын ала мәліметтер бойынша, материалдық шығынның көлемі шамалы.
«Әрине, біз қашанда осындай оқиғаларға дайын болуымыз керек - бұл үшін осы сияқты қауіп-қатерлер туындаған кезде уақтылы және сапалы әрекет ету бойынша арнайы регламенттер әзірленген. Мұндай жұмыстарға біліктілігі аса жоғары, өндірісті жете білетін және мол тәжірибесі бар мұнайшы-мамандар қажет екенін баса айтқым келеді. 8237 ұңғымадағы өртті ауыздықтау үшін еңбек еткен барлық әріптестеріме алғыс білдіремін. Олардың отбасы мүшелеріне айтарым - енді қауіп жоқ, уайымдамаңыздар», - дейді Жақып Марабаев.
Қазіргі кезде нысанда қайта қалпына келтіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мамандар алдағы уақытта осындай төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жан-жақты техникалық сараптамалар жүргізілетін болады. Сараптамалардың нәтижесі бойынша, Қаламқас кен орнының орталық бөлігіндегі ұңғымаларды жобалау кезінде бұрғылау ұңғымаларында жүргізілетін жұмыстардың қауіпсіздігін және сапасын қамтамасыз ету үшін арнайы түзету шаралары қабылданатын болады.
Айта кетейік, 13 наурызда Маңғыстау ауданындағы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-ның «Қаламқас» мұнай-газ кен орнында «Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС №8237 ұңғымасын бұрғылау барысында газ-су қоспасы атқылады. Ал 25 наурыз күні сағат 07:10-да Маңғыстау облыстық ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметіне «Қаламқас» кен орнындағы ұңғымадан шыққан газ жанып, биікті 10 метрге дейін жалын атқылап тұрғандығы хабарланды.
Ал кеше ҚР Энергетика министрлігі кен орнындағы өрттің толығымен сөндірілгенін мәлімдеген болатын.