Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев алдағы екі жылда ірі қалалардағы криминогенді аудандарда арнайы 176 стационарлық бекет қойылатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы елдегі қауіпсіздікті сақтауда Ішкі істер министрлігінің рөлін ерекше атап өтіп, біздің алдымызға нақты міндеттерді қойған болатын. Ең бірінші кезекте қоғамдағы тәртіптің сақталуын тапсырды. Президент ұлтаралық келісім мен қоғамдағы тұрақтылық – ең басты құндылық екенін атап өтті. Адамдар өздерін қауіпсіз екенін сезінуі керек», - деген министр ІІМ жұмыстың сервистік моделі енгізіліп жатқанын айтып өтті.
Ерлан Тұрғымбаевтың сөзінше ең алдымен көшелерде, бақтарда, адамдар көп жиналатын орындарда қауіпсіздіктің сақталуына баса мән беріледі.
«Әкімдікпен бірге криминогенді аудандарда Жапония, Оңтүстік Корея және Сингапур елдерінің тәжірибесі бойынша арнайы стационарлық бекеттер қойылып жатыр. Ол жерде полиция қызметкерлері тәулік бойы мінсіз қызмет ете алатындай жағдай жасалған. Бүгінгі таңда аймақтарда осындай 44 бекет орнатылған. Алдағы екі жылда дәл осындай 176 бекет орнату көзделіп отыр», - деді ол.