23 қыр, 2025 сағат 16:16

Ауылдан қалаға: көші-қонның көлеңкелі тұстары мен үміті

informburo.kz иллюстрациясы

Соңғы онжылдықта Қазақстанда урбанизация қарқыны үдей түсті. Қалаға көшушілер саны жыл санап артып, ел демографиясында елеулі өзгеріс орын алып отыр. Бұл — жаһандық үрдістің көрінісі.  Осы орайда Ult.kz тілшісі бұл құбылыстың ел экономикасы мен әлеуметтік инфрақұрылымына қаншалықты салмақ салып отырғанын саралап көрді.

Қаланың қызығы мен қиындығы


Бүгінде ауылдан қалаға көшіп жатқан азаматтардың саны күрт өскен. Бұған басты себеп — жұмыссыздық пен әлеуметтік жағдайдың әлсіздігі. Адам баласы жақсы өмірді аңсайды. Бірақ қалаға көшу — бәріне бірдей оң нәтиже әкелмейтіні тағы анық. Қалада өмір сүру — қымбат, мұнда әр қадамың есептеулі, тегін ештеңе жоқ. Бұл — тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемге тән үрдіс.

БҰҰ деректеріне сүйенсек, урбанизация деңгейі:


Жапонияда – 91,7%
Ұлыбританияда – 83,7%
Германияда – 77,4%
Қытайда – 60,3%
Ал Қазақстанда – 63% шамасында.

Демек, біз бұл жаһандық көштен артта қалып тұрған жоқпыз. 2010–2020 жылдар аралығында Қазақстанда қалалықтар үлесі 20%-ға өссе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 63%-ға жетіп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Жолдауында көші-қон саласындағы өзекті проблемаларды нақты атап өтті:


«Еңбек нарығын, әсіресе көші-қон мәселесін реттеу саласында есепке алудың орталықтандырылған жүйесі жоқ. Бұл жағдай осы саладағы болжау жұмысының сапасына және шешімдердің тиімділігіне кесірін тигізеді...»


Мемлекет басшысы атап өткендей, көші-қонның бақылаусыз жүруі ірі қалалар инфрақұрылымына шамадан тыс салмақ салып отыр. Мәселен, соңғы үш жылда тек Астананың өзінде халық саны 250 мың адамға көбейген. Оның ішінде 2024 жылы ғана 100 мыңнан астам тұрғын қосылған.

Ауылдан үміт кетпеуі керек


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023–2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асырып жатыр. Соңғы жылдары жұмыс күші артық өңірлерден еңбек ресурсы тапшы аймақтарға 28 мыңға жуық адам қоныстандырылған. Бұл оң нәтиже бергенімен, ауыл халқының саны әлі де төмендеуде.

Ұлттық статистика бюросының деректері:


2025 жыл: Қазақстан халқы – 20,4 млн адам
Қала халқы – 12,9 млн
Ауыл халқы – 7,4 млн (бар болғаны 38%)
2000 жылдан бері алғаш рет көші-қон сальдосы −111,4 мың адамға жетіп отыр.

Бұл — ауылдан қалаға бет алған азаматтардың саны рекордтық деңгейге жеткенін көрсетеді.

«Серпін – 2050», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» сынды бағдарламалар ауыл жастарын оқытып, өңірлік еңбек нарығына бағыттауды көздегенімен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Мысалы, Солтүстік Қазақстанға оңтүстіктен оқуға келген 470 студенттің тек 69-ы ғана оқу бітірген соң осы өңірде қалған. Яғни не бары 14,7%-ы ғана — бұл өте төмен көрсеткіш.

Болашақтың болжамы не дейді?


Министрліктің болжамына сәйкес, егер урбанизация қарқыны осылай жалғаса берсе:


2050 жылға қарай солтүстік өңірлердің халқы 600 мың адамға азаяды,
Ал оңтүстікте (Алматы мен Шымкентті қоспағанда) халық саны 1,6 млн адамға артады,
Астана, Шымкент, Маңғыстау облыстарының халқы екі есеге көбейеді,
Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында халық саны 15–34% аралығында кемиді.

Бұл — демографиялық теңгерімсіздікке апаратын қауіптің дабылы. Урбанизацияны тоқтату мүмкін емес, бірақ оны реттеуге болады. Ол үшін:


Ауылдағы инфрақұрылымды дамыту қажет;
Әлеуметтік жағдайды көтеру – басты басымдық болуы тиіс;
Жұмыс орындарын ашу – тұрақтылық кепілі.
Мотивациялық және қолдау тетіктерін күшейту – жастарды ауылда қалуға ынталандырады.

Бүгінде елге, ауылға бет бұратын азаматтар көбейсе, бұл — тек демографияға емес, ел болашағына қосылған үлес болар еді. Қаланың жарығына елітіп, даланың тынысын ұмытпасақ игі. Ең бастысы — ел ішінде тең өмір сүруге мүмкіндік жасалса, көші-қон ағымы да бір жүйеге түспек.


Ақбота Мұсабекқызы