06 жел, 2022 сағат 08:00

Қадыровты сынаған блогер өлі табылды - БАҚ


Белгісіз біреулер Швецияда Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты жиі сынаған блогер Тумсо Абдурахмановты өлтіріп кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.

"Тумсоны түнде бір топ адам атып кетті, қазір кісі өлтіру бабы бойынша оқиғаның жай-жапсары тексеріліп жатыр", - делінген БАҚ-та жарияланған ақпаратта.

"Азаттық" радиосының мәліметінше, Абдурахмановты 2 желтоқсанға қараған түні атып кеткен. Швеция билігі бұл ақпаратқа әзірге түсініктеме берген жоқ.

Тумсо Абдурахманов желтоқсанның басынан бастап байланысқа шықпаған. Құқық қорғаушылар оның жоғалып кеткенін хабарлаған болатын. 

Айта кетейік, Тумсо Абдурахманов - Шешенстан билігі мен Рамзан Қадыровты сынға алған блогерлердің бірі. Ол өз видеоларын YouTube желісіндегі ABU-SADDAM SISHANI арнасында жариялап жүрген.

2015 жылы блогер Рамзан Қадыровтың туыстарымен жанжалдасып, Ресейден кетіп қалған. Артынша ол Швециядан саяси баспана алады.

Шешенстанда Абдурахмановқа "Ислам мемлекетінің" жиһадшыларымен байланысы бар деген айып тағылып отыр.