23 қаз, 2018 сағат 16:44

Қадырдың кетпес қадірі!

Еліміздің батыс аймағы қол бастаған көсем мен сөз бастаған шешенге, найзасын ат үстінде алмастырған дулығалы батыр мен айыркөмей қаусырма жақ ақынға кенде емес. Әрбір тұлғаның өз биігі бар. Солардың ішінде Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері  Қадыр Мырза Әли – ақындық жағынан да, азаматтық жағынан да ел тарихында есімі алтын әріппен жазылатын қайраткер. 

2015 жылы Қадыр ақынның 80 жылды­ғына орай Батыс Қазақстан облы­сын­да ақынның ұлылығын, асқақты­ғын көрсе­те­тін екі бірдей ескерткіші ашыл­ды. Біреуі – Орал қаласында бой көтерсе, екіншісі –туған жері Жымпиты ауылына «табан тіреді». Қадыр Мырза Әли атын­да­ғы мәде­ниет және өнер орталығы пайда­ла­нуға берілді.

Қазақстанда баламасы жоқ орталық ғимаратының сахнасыда талай жұлдыз­дар өнер көрсеткен 1125 орынды амфи­театр жұмыс істейді. Мұнда жаз мезгілінде әрбір аудан өнерпаз­дары өнер көрсетеді. Бұл кешкі серуенге шыққан қала тұрғын­дарының көңіл-күйін көтерері сөзсіз. Себебі, бұл шағын­ауданда Тұңғыш Президент атын­дағы саябақ бар.

Сәнімен дараланған ерекше ғимарат­тың ішінде Жайықтың ақын-жазушы­лары­ның құрметіне әдебиет музей және Қадыр Мырза Әлидің мемориалды каби­неті жабдықталды. Кабинетке ақын­ның ең бай кітапханасынан 6767 кітаппен бірге оның тұтынған заттары да қойылды. Қадыр ақынның жеке кітапханасы туралы әдебиетсүйер қауым жақсы біледі.

Сонымен қатар орталықта қаламыз­дағы М.Горький атындағы қалалық кітап­хана бөлімшесі және Қадыр ақын­ның замандас досы, Бөкей құмында дүниеге келген ақын Жанғали Набиуллин атын­дағы оқырман бөлмесі жүйелі жұмыс істеп келеді.


Қазақстанның Жазушылар, Компози­тор­лар, Суретшілер одақтары­ның облыс­тық бөлімшелері де осы жерде орналасқан. Өзгеше дизайнмен безендірілген жаңа сахналық киіммен жабдықталған орта­лық­тың 150 орынды концерт залын­да – әр апта сайын әдеби-сазды шаралар өткізіліп тұрады. Яғни, өңірімізге танымал ақын-жазушылар, мәдениет саласына еңбегі сіңген қайраткерлер, еңбек арда­гер­лерімен кездесу кештері, сондай-ақ өмір жолына айтулы із қадырған қай­рат­кер­лерді еске алу кештері ұйымдасты­рылып, халықтың көзайымына айналып келеді.

Елдің назары ауған орталық ғимарат­тың көрінісі – көз тартарлық сұлу, құры­лы­сы ерекше. Бізге келген белді тұлға­ла­ры­­мыздың қатары мол. Ақжайық өңіріне келген Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев біздің орталыққа аялдап, ғимаратпен танысып, ақын атындағы әдеби-мемориалдық каби­нетін тамашалады. Егемен еліміздің басшы­сы Нұрсұлтан Әбішұлы ақынын дәріптеген Ақжайық жұртына риза болып, осындай рухани орталықтың ашы­лып, ел игілігі үшін жұмыс істеп жат­қан­ын құптады.

– Оралда Қадекеңнің атындағы орталық ашылғанын білуші едім. Қазір оның ашылғанына екінші жылға кетіп барады. Содан бері осында келудің сәті тек бүгін ғана түсіп отыр. Өз басым, оқыр­ман ретінде, Қадыр Мырза Әлидің өш­пес поэзиялық туындылары мен іші­на­ра проза жанрында жазған дүниелеріне үлкен құрметпен қараймын. Қадыр – шын мәнінде халқымыздың арын арлап, жо­ғын жоқтай білген өресі биік суреткер. Қайта­ланбас ақындық талантына қоса, ол – өзінің адами білім-болмысымен де өзгеге өнеге боларлықтай тұлға. Әдебие­ті­міз­дің осындай өміршең өкіліне ескерт­кіш тұрғызып, оның атына орталық ашқан­дарың дұрыс болған екен, – деп Елба­сымыз риясыз көңілін білдірді.


Осындай қолдаулардан тың серпіліс алған орталықта «Қадыр жолымен…» жобасы қолға алынып, өзге де рухани шаралардың өтуіне мұрындық болуда. «Жастықтың жалын жырлары» айдарымен жұмадағы жыр мәжілістері өтіп, жас ақын­дар мемориалдық кабинетте өз өлең­дерін оқып, жыр сағаттарын ұйымдас­тыр­ды.

Облыстың көптеген ресми шаралары біздің орталығымыздың заманауи дыбыс күшейткіш құрылғылармен жабдықталған конференц залында өткізіліп келеді. Орталықтың төменгі қабатында аудан­дары­мыздың, облысымыздың, қала берді көршілес Ақтөбе, Атырау облыс­та­ры­ның қылқалам шеберлерінің туынды­ла­рын көпшілік назарына паш еткен сурет көрмесі орналасқан.

Бұл орталықта ақпарат бөлімі жүйелі жұмыс атқарып келеді. Қолға алынған әрбір шараны алдын ала әлеуметтік желілерге жарнамалап, өту барысы мен қоры­тындысын желі қолданушыларына уақты­лы жеткізіп отырады.

Бұл ретте орта­лық­та «Қадырцентр» жеке сайты іске қосыл­са, «Уайтмеджик» студиясы ақпарат және жарнама жұмыстарын бейнебаянда жасауға өз үлестерін қосып келеді. Қашанда жас таланттардың тынысын ашуға үлес қосатын, мәдени ошақтан қоңыр дауысымен тыңдармандардың жүрегін тебірентіп жүрген облыс әншісі Ерлан Қуанышев орталық жанынан соңғы үлгідегі музыкалық құрылғылармен жабдықталған «Дауыс RECORDS» дыбыс жазу студиясын ашты.

Мәдениет қайраткері, композитор Әділбек Сүлейменов жетекшілік ететін елге танымал халықтық «Әжелер сәлемі» ансамблі тәрбие-тәлімі мол халық әндері­мен қатар, ел арасына кеңінен тараған мазмұнды әндерді орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүр. Сонымен қатар күйші, ұстаз Асқар Кенжеғалиев жетекшілік ететін домбыра үйір­месі ұлттық құндылықтарды дәріп­теу­ге ұмтылған ұл-қыздарды құдіретті күй әлеміне жетелейді.

«Қадыр жолымен…» жобасы аясында орталық жанынан «Ауыл­дан сәлем» жобасы құрылды. Жоба­ның мақсаты – алыс ауылда танылмай жүрген талантты, дарынды өнер иелерінің жолын ашу, оларды облыс жұртшылығына таныстыру. Басталған жоба жалғасын тауып жатыр. Орталықтың концерт залын­да ауыл өнерпаздары қала тұрғында­рына талант­тарын танытып, бастамаға үн қосып отыр.

Мәдени ұжымның жұмысы сәт сайын жанданып, тың жобалармен толығып жатыр. Айталық, «Елеулі есімдер» жоба­сы­мен өнер, мәдениет, білім, денсаулық және басқа да салаларға еңбек сіңірген есімі елеулі жандармен кездесу кештері өткізі­ліп, рухани шаралар аптаның әр бейсен­бісінде тұрақты ұйымдастырылса, со­ңы­на өшпес із қалдырған ұлы тұлға­лар­ды ұлықтау мақсатында «Жарқ етіп сөнген бір жұлдыз» атты жоба қолға алынды.


«Қадыр жолымен…» жобасы аясында Қадыр ақынның шығармашылығын наси­хаттайтын «Дала дидары» көшпелі өнер ұжымы құрылды. Аталған өнер ұжы­мы­ның құрылу мақсаты – қайталанбас тұлға, біртуар ақын, Мемлекеттік сыйлық­тың иегері, Қазақстанның Халық жазу­шы­­сы Қадыр Мырза Әли шығар­ма­шылы­ғын насихаттау. Яғни, ұжым құра­мын­­дағы әншілер ақынның сөзіне жазыл­ған әндерді шырқаса, талантты жастар өлеңдерін оқып, әзіл-қалжыңдары мен афоризмге айналған даналық ойларын, қанатты сөздерін кеңінен дәріптейді. Бұл – даланың біртуар перзентінің бай мұра­сы­на деген зор құрмет.

Ұжым тұсаукесер кешінен бастап халықтың оң бағасын ала білді. Облы­сы­мыз­дың аудан, ауылдарында өнер көрсе­тіп, тәжірибесін шыңдаған жас ұжым Атырау, Маңғыстау облыстарына, Астана, Алматы қалаларына өнер сапа­рын жасап, Қадыр шығармашылығын құрметтейтін көрерменнің ықыласына бөленді. Ақын атын ұлықтау – ұрпаққа аманат. Бұл орайда Қадыр орталығы орналасқан қаланың 6-шағынауданындағы ауызекі тілде 62 үй аталып келген аялдамаға ресми түрде Қадыр Мырза Әли орталығы атауы берілді.

Сондай-ақ тағы да бір қуанышты жаңалықтың куәсі болдық. Елордамыз Астанада Республикалық ономастикалық комиссиясының отырысымен, қалалық мәсли­хат шешімімен БҚО, Орал қала­сының 5-шағынауданына Қадыр Мырза Әлидің атын беру туралы шешім шықты. Бұл – Жайық өңірінің жетістігі.

Облысымыз ғана емес, еліміз тамса­нып, таңғаларлықтай ерекше ғимара­ты­мен, тың бастама, жобаларымен, игі мәде­ни іс-шараларымен дараланған Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының бүгінгі тынысы кең, келешегі жарқын.

Бауыржан ХАЛИОЛЛА,

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры