02 нау, 2022 сағат 20:20

«Jas Otan» атауын өзгерте ме – Нұржан Жетпісбаев жауап берді


«Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев «Nur Otan» париясының «Amanat» болып өзгеруіне байланысты пікір білдірді , деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңізге белгілі, «Nur Otan»-ның кезектен тыс өткен съезінде партия атауын ауыстыру туралы ұсыныс айтылып, Мемлекет басшысы-партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Amanat» болып өзгеруін қолдады. Бұл жай ғана атаудың өзгеруі емес, толықтай жұмыстың жаңаруы, жаңғыруы деп білемін.

Ал «Jas Otan»-ға келер болсақ, осыған байланысты бізге еліміздің түкпір-түкпірінен түрлі ұсыныстар түсуде. Бес саусақ бірдей емес қой, сол сияқты жасотандықтардың бір бөлігі атын ауыстырайық десе, екіншісі бұрынғы атау қалсын деген пікірде. Жастардың пікірін елеп-ескеру біз үшін бірінші орында. Сондықтан, барлық ұсыныстармен түбегейлі танысып, оқи келе нақты шешімге келетін боламыз. Бұл туралы алдағы уақытта өтетін «Jas Otan»-ның форумында жариялаймыз деп жоспарлап отырмыз», - деді «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы.

Сондай-ақ ол жастар қанатының қатарын жаңартып, толықтыру бойынша бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын атады.

«Қатарымызды жастардың арасында көш бастап жүрген, өзіндік қоғамдық пікірге ие, айрықша потенциалды адамдармен толықтаратын боламыз. Ауыл жастарын және әлеуметтендіруді қажет ететін жастарды тарту – басты міндеттердің бірі десем қателеспеймін.

Мемлекеттiк жастар саясаты туралы заңның күші мен әрекет ету ауқымының тар екені бұрыннан мәлім. Алайда жастардың тарапынан бұл мәселені шешуге қатысты ұсыныстар ескерілмей жатқаны да даусыз. Жаһандану жағдайында жастарымыздың дамып жетілуіне, уақытын дұрыс ұйымдастырып, потенциалын дұрыс арнаға бағыттамасақ, біз оларды жоғалтып алуымыз әбден мүмкін. Ал өзгерістер кезеңінде жаңа кадрлар, өз ісінің жас мамандары, еліміздің ертеңін сеніп тапсыра алатын көшбасшыларды тәрбиелеу ерекше маңызға ие», - деді Нұржан Жетпісбаев.

Еске салайық, 1 наурыз күні өткен съез барысында «Nur Otan» партиясының атауын «Аmanat» деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Бүгін «Аmanat» партиясы қайта тіркеуден өткені мәлім етілді.