Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай Израильдің «Бейт Нелли» баспа үйі алғаш рет оның «Қара сөздерін» иврит тілінде басып шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Сайт жариялаған мәліметтерге қарағанда, баспахана 20 жылдан астам уақыттан бері израильдік авторлардың еңбектерін жариялап келеді, сонымен қатар шетелдік дипломатиялық өкілдіктермен ынтымақтастық орнатқан.
Кітапты иврит тіліне көптеген әдеби шығармаларды аударуға маманданған Полина Брукман аударды. Ол Абай шығармасымен алғаш рет танысып отырғанын және оның бай тілін заманауи оқырманға бейімдеу кезінде қиыншылықтар туындағанын ерекше атап өтті. Аудармашы Қара сөздер арқылы қазақ халқының бай мәдениетімен танысқанын атап өтті. П. Брукман болашақта Абайдың басқа да туындыларын аударудан үмітті.
Жақында белгілі «Хаарец» газеті өзінің парақшаларында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласына сүйене отырып, Абай феномені жайлы арнайы материал жариялады.
Бұған дейін, Қазақстан Елшілігі Абай шығармашылығымен Еврей университетінің басшылығын таныстырып, күзде оқу процесі қалпына келтірілгеннен кейін, осы университет жанындағы Труман институтында «Қара сөздердің» презентациясын өткізу бастамасы қолдау тапты.
Елші Сатыбалды Бұршақов Израиль оқырмандарын қазақ әдебиетінің бай мұрасы - Абай шығармаларымен таныстыруға білімін салып, зор үлес қосқан барлық қатысушыларға алғыс білдірді.
Абайдың қара сөздері - 45 қысқаша тәмсіл мен философиялық трактаттан тұратын қазақ ақыны һәм ағартушысының іргелі еңбегі. Бұл поэмада ұлттық тәрбие мен дүниетаным, мораль және құқық, қазақтың тарихы сыңды мәселелер көтерілген.
Абай өзінің «Қара сөздерін» жасы ұлғайған шағында, биліктің азғыруы мен жер мәселесінің ауыртпалықтарын біліп, ел арасында танылып, жақынынан айырылған жылдардың тұсында жазып шыққан. Олар әр жаңа қолжазба кітаптарға қосылып таратылып отырған. Кейбір «Сөздер» алғаш рет ақын қайтыс болғаннан кейін (1904 жыл) 1918 жылы «Абай» журналының беттерінде жарияланған.
Ақынның шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.