Сурет әлеуметтік желілерден алынған
Израиль Сыртқы істер министрлігі ХАМАС содырлары ұрлап әкеткен студент, неміс қызы Шани Луктың көз жұмғанын растады, - деп хабарлайды Кazinform агенттігі ВСС-ге сілтеме жасап.
Айта кетейік, бұған дейін музыка фестивалі кезінде ХАМАС мүшелері тұтқынға алған бойжеткеннің өлімі туралы оның анасы хабарлаған болатын.
«Германия және Израильдің азаматы – 23 жастағы Шани Луктың денесі табылып, жеке басы анықталғанын қайғыра хабарлаймыз», – делінген Израиль СІМ-нің X әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунтында.
Мәліметке сүйенсек, студент қыз азаптап өлтірілген.
«ХАМАС содырлары музыка фестивалінен күштеп әкетіп, азаптап, Газа секторында жұртшылық алдына шығарған Шани ақылға қонымсыз қатігездікті бастан кешті. Шанидің қайғыға ұшыраған достары мен жанұясы үшін дұғадамыз», – делінген СІМ хабарламасында.
Шани Лук 7 қазанда палестиналық ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасаған кезде Supernova музыка фестивалінен күштеп әкетілген. Бойжеткен із-түзсіз жоғалғандар тізімінде болды. Тұтқынға алынғандар арасында Қытай мен Таиланд азаматтары да бар екені айтылды.
21 қыркүйекте ХАМАС АҚШ-тың екі азаматы – 59 жастағы Джудит Раанан мен оның 17 жастағы қызы Натали Раананды босатты.
Израиль тарапының мәлімдеуінше, ХАМАС 7 қазанда Израильдің оңтүстігіндегі қалаларға шабуыл жасағаннан кейін Газа секторына 203 адамды алып кеткен.
Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израиль соққыларынан қаза болған адамдар саны 8300-ден асты, оның ішінде 3457 бала және 2236 әйел бар.