24 қыр, 2020 сағат 10:25

Израиль індет жұқтырғандар көбеюіне байланысты жаппай карантин енгізіп жатыр

Израиль үкіметі коронавирусқа байланысты енгізілген карантин шараларын қатаңдату шешімін қабылдады. Елдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху инфекцияның жаңа толқыны Израильді «орға» итермелеп жатқанына қатысты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Бір апта бұрын, 18 қыркүйекте Израиль карантин шараларын қайта енгізген. Апта ішінде 9 миллион халқы бар елде коронавирус жұқтырудың 7 мың оқиғасы тіркелді. 

Ертең, 25 қыркүйек күні елде енгізілетін жаппай карантин жағдайында тек аздаған кәсіпорындарға жұмыс істеуге рұқсат етілген – бұл қаржы институттары, денсаулық сақтау ұйымдары, азық-түлік дүкендері, көлікке жанармай құю стансалары, сондай-ақ ауылшаруашылық кәсіпорындары. 

Сондай-ақ, сапарға шығуға қосымша шектеулер енгізіледі – енді үйден тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алу үшін, сондай-ақ кеңесеге дейін жету үшін ғана шығуға болады. Израильдегі мектептер әлі жабық. 

Атап өтейік, Израиль үкіметі жаппай карантинді тағы екі аптаға енгізу мәселесін бірнеше сағат бойы талқылаған. 

«Соңғы екі күн біз сарапшылардан бұл күрделі шешімді шұғыл түрде қабылдамасақ, ордың шетінде қалып қоятынымызды естідік», - деп мәлімдеді Б.Нетаньяху министрлер кабинетіне арнаған сөзінде. 

Израильдің денсаулық сақтау министрлігі соңғы тәулікте елде коронавирус жұқтыру оқиғаларының саны 6 667-ге жетіп, бұрын енгізілген карантинге қарамастан, 200 мың оқиға көрсеткішінен асқанын мәлім етті. Израильде карантин бірінші рет наурыз айында енгізіліп, мамырға дейін созылған.