27 ақп, 2020 сағат 14:45

Ителгіні заңсыз шығару арнасының жолы кесілді - ҰҚК

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласында, Маңғыстау, Жамбыл және Түркістан облыстарының аумағында жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бірқатар трансұлттық топтардың заңсыз әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күдіктілер ұзақ уақыт бойы Қызыл кітапқа енгізілген ителгі құсын заңсыз аулаумен, кейіннен оларды Қазақстан-Өбекстан және Қазақстан-Қырғызстан шекаралары арқылы Таяу Шығыс елдеріне контрабандалық жолмен шығарумен айналысқан.

Мамандардың есебі бойынша, көрсетілген қылмыстық топтардың заңсыз әрекетінен мемлекетке келтірілген зиян бірнеше миллиард теңгеге бағаланып отыр.

Ұйымдастырушылар мен қатысушыларға қатысты ҚР ҚК 339-бабы 2 және 3-бөліктері бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Тергеу іс-шаралары жалғасуда.