19 қаң, 2023 сағат 13:25

Италияда қазақстандық студент қайтыс болды

© AFP 2023 / Tiziana FABI

Италияның Салерно қаласында қазақстандық студент қыз қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Сайт мәліметінше, оқиға 17 қаңтарда болған. Салерно университетінің 27 жастағы докторанты көшеден өтіп бара жатқан. Сол кезде 20 жастағы жүргізуші тізгіндеп бара жатқан Peugeot 308 жүргізушісі оны жаяу жүргіншілер жолында қағып кеткен. Жол апаты Станислао Листа көшесінде, Джузеппе Верди опера театрының маңында болған. 

Италиялық L'Occhio di Salerno басылымының дерегінше, 20 жастағы жүргізуші жігіт бірден тоқтап, қажет медициналық көмек көрсете бастаған. Алайда Қызыл крест пен Humanitas өкілдері қазақстандық студент қайтыс болғанын анықтаған. Жүргізуші жігіт ішімдік тестін тапсырған. Нәтижесі теріс болып шыққан. Жол апатын тергеумен полиция қызметкерлері айналысып жатыр. 

ҚР Сыртқы істер министрлігі 27 жастағы студенттің жол апатынан қаза тапқанын растады. 

«Қайғылы оқиға болғанын растаймыз. Қазір марқұмның денесін Қазақстанға әкелу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Туыстарымен байланыстамыз», - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.