Коронавирус жұқтырғандар мен вирустан қаза болғандар саны жағынан әлемде бірінші орында тұрған Италияда билік эпидемиямен күрес шараларын күшейтті.
Италия үкіметінің жетекшісі Джузеппе Конте сенбі күні кешке ең маңызды мекеме мен ұйымдардан басқа барлық кәсіпорын, нысандарды жабу туралы шешім қабылдады. Дүкен, дәріхана, банк, поштадан бөлек, қоғамдық көліктер, хат-хабар жеткізу қызметі, ең қажетті азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпорындар жұмыс істей береді. Премьер-министр эпидемияға байланысты Италия "өндіріс моторын" бәсеңдетеді, бірақ толық тоқтатпайды. Конте "экономикалық төтенше жағдай" туралы айтты.
Бұған дейін енгізілген жалпыұлттық карантин ережелері қатаяды, барлық парктер жабылады, адамдардың үйден шығуына тыйым салынған.
Италияда соңғы тәулікте коронавирустан 793 адам қайтыс болған. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда шамамен 20 пайызға көп. Эпидемия басталғаннан бері 4825 адам көз жұмған. Вирусты жұқтырғандар саны 53,5 мыңнан асты. Бірнеше күн бұрын Италияда вирустан қаза болғандар саны Қытайдан асты. Бір тәулікте 6557 адамға вирус жұққан.