Ислам дүниесінің артта қалуы дінмен байланысты деген тұжырым ақиқатқа мүлдем жанаспайды. Бұл туралы бүгін елорда төрінде басталған Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қазақстан Президентінің атап өтуінше, әлемнің көптеген елдері қарқынды дамып жатқанда көптеген мұсылман елдері көш соңында қалуда.
«Кейбір сыншылар ислам дүниесінің көп бөлігінің басқа аймақтардан артта қалуы діннің өзімен байланысты деп санайды. Бұл ақиқатқа мүлдем жанаспайтын тұжырым. Ислам өркениеті өз кезеңінде әлемнің ең дамыған орталығы болды. Ол бүкіл адамзаттың өркендеуіне зор үлес қосты. Қазіргі цифрлық экономиканың үш тұғыры бар. Яғни, сандар, алгебра, алгоритм. Ол 1 ғалымға байланысты екендігін атап өткен жөн. Ол біздің өңірде, Әмударияның саласында туған, 12 ғасыр бұрын Мұхамед ибн Мұса әл-Харазми деген ғалым өмір сүрген. Алгоритм термині әл-Харазми есімінің латын тіліндегі транскрипциясы болып табылады. Егер де Батыс әлі күнге дейін Рим сандарын қолданып келген болса, алгоритм түсінігін білмес те еді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы алғашқы тригонометриялық функциялар математик, астроном әл-Баттани есімімен байланысты екендігін атап өтті.
«Бұл ғалымдарсыз әлемдік ғылым, математика, медицинаның дамуы мүмкін болмас еді. Қазір дамудың жаңа ұйымдастырушылық сатысына өтуге бізге мүмкіншілік бар. Мұны пайдалануымыз керек. Пайғамбарымыздың хадистерінде мынадай жолдар бар: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе, Алла тағала оның жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Таң сәріден ғылым ізденуге және оны оны зерттеуге шығу 100 рәкат намаз оқудан да артық». Осыған байланысты бізге нақты іс-қимыл жоспары қажет. Оның шеңберінде заманауи даму мәселелері жөнінде Ислам ынтымақтастық ұйымының арнайы кеңесін құруға болар еді. Ортақ ғылыми-инновациялық қор құрған дұрыс деп ойлаймыз», - деді Қазақстан Президенті.